Спорт

САЙЫПҚЫРАН САЯН

Спорт

 

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты

Мен жастарға сенемін…

Мағжан Жұмабаев.

Қоғам өміріне белсене араласып, ауыл-елінің абыройын асқататып жүрген жалынды жастарды көргенде Алаш ардақтысының  осы бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады.

Салауатты өмір салтын ұстаған  Оразақ ауылының жастарын өз басым мақтан тұтамын.   Солардың бірі —  Жанділдин Саян Бауыржанұлы туралы сөз қозғамақпын.

Саян 1995 жылы 8 қыркүйекте  осы Оразақ ауылында дүниеге келді. Алғыр жеткіншек 9 жасынан бастап, білікті бапкер Журавлев Александр Владимировчтің  қол астында шығыс жекпе-жек спортының түрі  — кекушинкай каратэмен айналыса бастады. Алғашқы сайыстарында  Астана қаласының чемпионатында бірнеше рет жеңімпаз атанды. 2005 жылы Астана чемпионы атанса, 2007 жылы Ақтаудағы аймақтық бәсекеде топ жарды.  2008 жылы Тараз,  Көкшетау қалаларында өткен  сайыста, ал 2012 жылы Шымкент қаласында жалауын көтрген бәсекеде қарсылас шақ келтірмеді.

Сайыпқыран спортшының жеңісті жолдары бұдан кейін, Венгрия, Анталия елдері мен  Бішкек қаласында жалғасты. Осынау дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкке көтерді.

Толағай табыстарға жеткен  Саян бауырымыз тек Оразақ ауылы емес бүкіл қазақ елінің мақтанышы.  Бір ауылдан 3 чемпионның шығуы зор мәртебе емес пе?!  Атап айтқанда, Нүрпейсов Марат  аударыспақтан 2 мәрте Қазақстан және Орта Азия чемпионы.   Ал, Кәкенов Асылбек самбодан Қазақстан чемпионы және халықаралық дәрежедегі төреші.

Қазірде жас палуандарымыз  «Қазақстан Барысы» турниріне  дайындық үстінде. Жуырда Көкшетауда өткен республикалық  «Жас барыс»  турниринде Болысбек Абдулазиз жүлделі орынға ие болды. Сайлау Арыстанов, Еркін  Сартаев сынды   жаттықтырушылар  жас палуандарды шыңдауда қажымай еңбек етуде.  Олардың  тәрбиеленушілері  облыстық сайыстарда жүлделі орынға ие болуда. Ел намысын қорғап жүрген жастарға, олардың  бапкерлеріне айтар алғысым шексіз.

Намысты қолдан бермеген,

Додаға түсіп ерлеген.

Көк туымның астында,

Сағы сынып көрмеген

Арыстандай айбатты,

Жолбарыстай қайратты,

Елім деген жастарым,

Аман болсын бастарың.

Асылбек РАМАЗАНҰЛЫ, газеттің штаттан тыс тілшісі.

Оразақ.       

 

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button