Аудан өміріБарлық жаңалықтарМәдениетСпортТарихи тұлғалар

ҚАРҚАРАЛЫДАҒЫ ҚҰНАНБАЙ ҚАЖЫ МЕШІТІ

Қазақтың құтты да құнарлы өлкесінің бірі – Қарқаралы. Өңір табиғатымен ғана емес,  тарихи орындарымен де ерекшеленеді. Осындай  сәулетті әрі тарихи  нысанның бірі – Құнанбай мешіті. Аталған нысанның  тарихы өз заманының қаһарман-қайраткері Құнанбай Өскенбайұлының есімімен тығыз байланысты. Деректерге сүйенсек, мешіт құрылысы 1850 жылы басталып, 1851 жылы толық салынып біткен. Оның Құнанбай атымен байланысты болуының сыры неде?

Қарқаралыда мешіт салу жөніндегі әңгіме халық арасында 1847 жылы қoзғалып, сол кездегі ру басшылары Сiбiр қазақтарының шекара басқармасына хат жолдайды. Оған Тобықты руынан Құнанбай бар, басқалары бар, 16 болыс қол қойған екен. Мешіт құрылысы үшін халықтан қаражат жиналғаны туралы деректер де айтылады.  Ал 1849 жылы Қарқаралы уезіне аға сұлтан болып сайланған Құнанбай Өскенбайұлы ең бірінші кезекте ұлт мұқтаждығына қатысты игі шаралармен айналысуды қолға алады. Бұл бір жағынан Құнанбай қажының ертеден келе жатқан армандарының бірі – қазақ балаларының сауатын ашу еді. Сондықтан да аға сұлтандыққа отырған Құнанбай мешіт  құрылысын өз қолына алып, бас-аяғына дейін тыңғылықты қадағалағандықтан, мешіт – халық арасында Құнанбай мешіті аталып кеткен. Аға сұлтан құрылыс туралы  1850 жылдың 7-қаңтарында Сібір қазақтарының шекара бастығы Клейст мырзаға жазған хатында: «…мешіт құрылысы дін ықпалын нығайтып, Құдайға құлшылық етіп, намаз оқып, халықтың адамгершілік-имандылық сезіміне өзгеріс жасау мақсатын көздейді… Сенімді түрде кірісіп, мешіттің құрылыс жұмысын өткен жылдары қауым болып жинаған қаражат есебінен және өзімнің меншігім есебінен жүргіземін…», – деп жазған екен.

Кейінірек мешіт жанынан медресе, шәкірттер үшін жатын орын, молдалар үйі бой көтереді. Құнанбай мешіті   Қарқаралы округіндегі ислам дінін уағыздауға, балалардың қара танып, сауат ашуына көп қызмет еткен. Осы мешітке   кезінде Абай да барып тұрған екен.  Құнанбай қажы мешіт салу арқылы аймақта абырой-беделін арттырып қана қойған жоқ, ол кейінгі ұрпаққа өлмес өнеге қалдырды.

Құнанбай мешіті бір жылдары күтімсіздіктен тозып, жойылып кетудің аз-ақ алдында болған екен. Мәселен, бір мезгілде  300 адам намаз оқитын мүмкіндігі бар мешіт кеңес заманында азық-түлік сақтайтын қоймаға, пионерлер үйіне айналса, тың игеру кезеңінде келімсектер жатағы да болған. Әбден тозығы жеткен  кесенені қайта қалпына келтіру үшін 1989 жылы қарашада облыс, аудан жұртшылығының шақыруымен Алматы қаласынан келген Қазақтың мәдени-тарихи ескерткіштерін қорғау және қайта жабдықтау конструкторлық жобалау институтының өкілдері  Құнанбай мешітін алғашқы қалпына келтірді.

Ел аузындағы деректерге қарағанда мешіт ашылған жылдары мұнда 11 қари қызмет етіп, балалардың діни сауатын ашқан екен. Мешітте сол кезден қалған арапша жазылған кітаптар, Құранның сол кездегі нұсқасы да сақталған. Партияның «қайта құру» науқаны қызу жүріп жатқан кезде, бұндай істі қолға алмақ түгілі ауызға алу өте қауіпті болатын. Осындай  батыл іс 1985-1989 жылдары іске асырылып, мешітті қалпына келтіру қолға алынды. Белгілі бір себептерге байланысты мешіттегі бұл жұмыстар «Абайдың медресесі» деген атаумен жүргізіле бастады. Ал медресені қалпына келтіру, мәдениет, сәулет ескерткіші ретінде мемлекет тарапынан қолдау табатын. Жаңғырту жұмыстарын сол кездегі  Мәдениет министрлігінің жанындағы «Казреставрация» мекемесі атқарды.  Қайта өңдеу талаптарына сәйкес, мешіттің өзінен қалған төбесінің тақтайы бір бөлмесіне толық, екінші үлкен залдың төбесінің біраз жеріне қалдырылды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде ғимарат алғашқы қалпына қайта келтіріліп, барлық тарихи-мәдени құндылықтары сақталды.

Мешіттің ішінде  михраб, минбар, кітапхана сөрелері жасалды. Мұнарасы Шығыс дәстүрімен шыныланып, өрнектелді. Өлгені тіріліп,  өшкені жанғандай қуанған халықтың арасынан бір тұрғын көзінің қарашығындай сақтап жүрген, көнеден жеткен қасиетті кітап – көне Құранды осы кітапханаға табыс етті. Бүгінде ел тарихынан сыр шертетін Қарқаралының осы бір әсем ғимараты ауданға келген әр қонақтың атбасын тіреп, тағзым ететін орнына айналды.

Осыдан бірер жыл бұрын Қарқаралы ауданының орталығында  аға сұлтанның 1851  жылы өзі салдырған мешітінің алдында  аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбаевқа арналып ескерткіш ашылды. Дала данышпаны, елжанды әке мен балаға арналған мүсін Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген. Бұл Құнанбай қажы мен ұлы Абайдың құрметіне қойылған ескерткіш. Мұнда сол замандағы бала Абайдың медреседегі оқуынан демалысқа келіп, әкесімен көрісу сәті бейнеленген. Биіктігі 4 метрден асатын мүсін таза мыстан жасалған. Бұл аудандағы 19 жобаның аясында жүзеге асырылған  нысан.

Р. ҚАДІРЖАН.

Суретті түсірген Ж. Түгелбаев.

Қарқаралы.

http://vestiakmola.kz

 

Өзге де жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button