
23 тамыз – Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы*
*23 тамыз – Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы*
2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасында Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі әрі азаматтардың мемлекет ісіне қатысу құқығын жүзеге асырудың маңызды тетігі.
Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әрбір азаматтың сайлауға қатысуға және өз таңдауын еркін білдіруге құқығы бар. Сайлауға қатысу – азаматтық жауапкершіліктің, ел тағдырына деген жанашырлықтың және демократиялық құндылықтарға деген құрметтің көрінісі.
Қазіргі таңда сайлауды заң талаптарына сәйкес ұйымдастыру мақсатында барлық қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Уәкілетті мемлекеттік органдар мен сайлау комиссиялары сайлау учаскелерінің әзірлігін қамтамасыз етіп, сайлаушылар тізімін нақтылау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және сайлау науқанының ашық әрі әділ өтуіне бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда.
Осыған байланысты Целиноград ауданының тұрғындарына өздерінің сайлаушылар тізіміне енгізілгенін алдын ала тексеріп, дауыс беру учаскесінің орналасқан жері мен дауыс беру тәртібі туралы ақпаратпен алдын ала танысу ұсынылады.
Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған маңызды үлес. Сондықтан барша азаматтарды сайлау күні өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, қоғамдық маңызы зор саяси науқанға белсенді қатысуға шақырамыз.
Ж. СӘЛКЕНҰЛЫ.



