
Әркімнің дауысы маңызды – ел болашағы әр азаматтың таңдауында
Әркімнің дауысы маңызды – ел болашағы әр азаматтың таңдауында
Еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әрбір азаматтың өзіндік орны бар. Қоғамның дамуы, мемлекетіміздің болашағы мен тұрақтылығы – баршамызға ортақ жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, сайлауға қатысу – әрбір азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, сонымен қатар ел тағдырына деген азаматтық жауапкершілігінің көрінісі.
«Әркімнің дауысы маңызды» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Себебі әрбір азаматтың таңдауы ел болашағына әсер етеді. Сайлау – халықтың өз ұстанымын білдіріп, мемлекет пен қоғамның алдағы даму бағытын айқындауға қатысуының маңызды тетігі.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде азаматтардың қоғамдық белсенділігіне, әсіресе өскелең ұрпақтың ел өміріне бейжай қарамауына ерекше мән беремін. Біз, аға буын өкілдері, жастарға әрдайым елжандылықтың, жауапкершіліктің және бірліктің үлгісін көрсетуіміз қажет. Өйткені елдің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында.
Менің ойымша, әрбір азамат сайлауға саналы түрде қатысып, өз таңдауын жауапкершілікпен жасауы керек. Бір адамның дауысы елеусіз қалмауы тиіс. Қоғамдағы әрбір пікір мен әрбір азаматтың таңдауы құрметке лайық.
Біздің ауданымызда да қоғамдық келісімді сақтау, тұрғындардың азаматтық белсенділігін арттыру және ел бірлігін нығайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуі маңызды. Бұл ретте аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі мен өмірлік тәжірибесі қоғам үшін әрдайым құнды.
Біз бейбітшілік пен тұрақтылықты, бірлік пен өзара сыйластықты бағалай білуіміз керек. Себебі ынтымағы жарасқан елдің болашағы да жарқын болады.
Барша аудан тұрғындарын азаматтық белсенділік танытуға, өз құқықтарын пайдалануға және ел болашағына бейжай қарамауға шақырамын.
Әрбір дауыс – маңызды таңдау. Әрбір таңдау – ел болашағына қосылған үлес!
Нығметов Қайрат Қайроллаұлы,
Целиноград ауданының Ардагерлер кеңесінің төрағасы



