Заң және Қоғам

*Инклюзивті білім: Ақмола облысындағы «ерекше» балалардың жағдайы қалай*

*Инклюзивті білім: Ақмола облысындағы «ерекше» балалардың жағдайы қалай*

 

_Бүгінгі күні 14 мыңға жуық Ақмолалық бала инклюзивті білім алуды қажет етеді. Олардың саны жыл санап артып келеді, оның ішінде 200 жуығы аутизм. Мұндай өсім қолжетімді білім беру ортасының кеңеюін және білім ордалары қабырғаларында арнайы кабинеттер ашу қажеттілігін арттыруда. Бұл жөнінде толығырақ облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Әсемгүл Сүлейменова брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен._

 

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін облыста арнайы мектептер, ресурстық орталықтар мен түзету кабинеттері жұмыс істейді. Өткен жылы Көкшетауда 166 орындық «Аяла» балабақшасы ашылды, биыл тағы 280 орындық балабақша ашу жоспарланып отыр.

 

«Инклюзивті білім беру бағыты облыста жақсы дамып келеді. 2025 жылы 30 жаңа кабинет ашылады, оған 375 миллион теңге бөлінді. Балаларды тасымалдауға арналған 20 арнайы автобус сатып алынды», — деп мәлімдеді Әсемгүл Сүлейменова.

 

Сонымен қатар, 2020 жылдан бастап облыста аутизммен ауыратын балаларды қолдау бойынша мемлекеттік бағдарлама іске асырылуда, осы арқылы 55 бала көмек алды.

 

Айтуынша, мамандандырылған мекемелер ашумен қатар, «Ерекше» балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау және тарту мәселесі де маңызды. Білім беру қызметінің сапасы мен түзету жұмыстары педагогтердің кәсіби шеберлігіне тікелей байланысты.

 

«Қазір бізде 1090 арнайы педагог жұмыс істейді. Олар логопедтер, дефектологтар, тифлопедагогтар, сурдопедагогтар, олигофренопедагогтар және психолог-педагогтар. Балалар санының өсуі қосымша ресурстарды талап етеді. Біз жоғары оқу орындарымен және колледждермен белсенді жұмыс істейміз, педагогикалық жәрмеңкелерге қатысып, білікті мамандарды тартуға тырысамыз. Әр мектеп қазірдің өзінде кадрлық қажеттілікті жоспарлап, болашақта маман тапшылығына тап болмас үшін жұмыс істеуі маңызды», — деп қорытындылады спикер.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button