
«АУЛА FEST» — КӨРШІЛЕРДІ ДОСҚА АЙНАЛДЫРҒАН МЕРЕКЕ!
«АУЛА FEST» — КӨРШІЛЕРДІ ДОСҚА АЙНАЛДЫРҒАН МЕРЕКЕ!
Бүгін Целиноград ауданында тұрғындарды бір ортаға жинаған «Аула Fest: көтеріңкі көңіл күй мекені» атты жарқын әрі көңілді мереке өтті. Іс-шараға түрлі жастағы тұрғындар, отбасылар, балалар мен аға буын өкілдері қатысты.
Бұл күні аулалар ерекше жанданып, балалардың шат күлкісі естіліп, айнала қуаныш пен көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Тұрғындар бір-бірімен еркін әңгімелесіп, жақынырақ танысып, мерекелік көңіл күйді бірге бөлісті. Әркім өзіне ұнаған іс-шараға қатысып, көршілерімен бірге уақытты қызықты өткізді.
Кейде қарапайым ғана аула барша тұрғын бас қосатын, үлкендер әңгіме-дүкен құратын, балалар бірге ойнайтын, ал көршілер бір-біріне жақындай түсетін ерекше ортаға айналады.
Өйткені жайлы өмір сүру үшін абаттандырылған көшелер мен көрікті аулалар ғана емес, адамдар арасындағы сыйластық пен татулық та маңызды. Көршіңді танып, хал-жағдайын сұрап, қажет кезде қол ұшын созу – жақсы көршілік қарым-қатынастың белгісі.
Осындай қарапайым, бірақ маңызды құндылықтар туған өлкеміздің берекесі мен бірлігін арттырады.
«Аула Fest» бізге бір нәрсені тағы бір мәрте ұқтырды: аулаға жылу сыйлайтын да, оны жайлы ететін де – адамдардың өздері!
Әр аулада балалардың күлкісі естіліп, көршілер жиі бас қосып, татулық пен достық салтанат құрсын! Бірлігіміз бекем болып, ортақ үйіміз – туған өлкеміз бұдан да көркейе берсін!



