
БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢАША ҮЛГІСІ
Құрылтай-2026
БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢАША ҮЛГІСІ
Целиноград ауданының орталығы Ақмолдағы №733 сайлау учаскесінде де қарбалас таңертең ерте басталды. Таңғы сағат 7.00-ден жұртшылықтың алғашқы легі сайлау учаскесінің табалдырығын аттады.
«Бұл Құрылтай жоғары заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты қамтамасыз етіп, институционалдық тұрақтылықты нығайтуы тиіс. Сонымен қатар ол жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлерді сақтап, парламентаризмнің бірегей мәдениетін жоғалтпай, керісінше оны одан әрі дамытуға ерекше мән беруі қажет», — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің айтуынша, жаңа өкілді органның басты мақсаты — Әділетті Қазақстан құру.

Расында да еліміздің жоғары өкілді органы — Құрылтайдың негізгі мақсаты — барша азаматтарға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан қалыптастыру және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізу. Жаңа орган қоғамдағы негізгі құндылықтарды нығайтуға ықпал ететініне сенімдіміз. Осыны түсінген сайлаушылардың белсенділіктері аса жоғары.
№733 сайлау учаскесінде 1386 адам тіркелген. Сағат 12-дегі мәлімет бойынша мұнда 100-ге жуық сайлаушы келіп, өз дауыстарын берген екен.
Сайлау учаскесінің төрайымы Такишева Гүлжан Ермекқызы кешке дейін сайлаушылардың өз дауыстарын беріп үлгеретінін айтты. «Ендігі жерде сәйкес партияаралық бәскелестік жаңа серпін алады. Біз жасампаз мемлекет ретінде, бұл саяси науқанды жоғары деңгейде өткізуге міндеттіміз. Сондықтан сайлау ашық, адал және бәсеке жағдайында өтуі тиіс, — деді ол.
Р. ҚАДІРЖАН.
Ақмол.



