Заң және Қоғам

Балалар арасындағы буллингке қарсы жүйелі жұмыс

Балалар арасындағы буллингке қарсы жүйелі жұмыс

Көкшетаудағы Психологиялық қолдау орталығының сенім телефонына биыл 2 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл көрсеткіш балалар арасындағы буллинг пен жанжал мәселесінің өзекті екенін айқын көрсетеді. 2024 жылы орталыққа 600-ден астам өтініш түссе, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында бұл сан үш есеге жуық артқан, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Өткен жылдың сәуір айынан бастап жұмыс істеп келе жатқан психологиялық қолдау орталығының мамандары балалар мен ата-аналарға тәулік бойы көмек көрсетіп келеді. Мұнда тәжірибелі психологтар мен әдіскер мамандар қызмет атқарады. Тәулік бойы жұмыс істейтін сенім телефоны арқылы көмек сұраған әр бала мен ата-анаға жедел психологиялық қолдау көрсетіледі.

Орталықтың басты мақсаты балалардың психо-эмоционалдық жағдайын тұрақтандыру және олардың білім алуына қолайлы орта қалыптастыру. Психологтар алдымен баланың көңіл күйін реттеуге көмектесіп, қажет болған жағдайда оны ата-анасының келісімімен орталыққа шақырып, терең психологиялық жұмыс жүргізеді.

«Өтініштердің басым бөлігі ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушіліктер, жасөспірімдер арасындағы жанжалдар мен ажырасу салдарынан туындайтын психологиялық күйзелістерге байланысты», – дейді орталық маманы Сайран Шокимова.

Мамандардың айтуынша, буллинг жағдайлары көбіне 5–6-сынып оқушылары арасында жиі кездеседі. Бұл кезеңде дұрыс психологиялық қолдау көрсетілсе, 8–9-сыныпта жағдай айтарлықтай тұрақталады.

Қыркүйек айынан бастап орталыққа «балам жәбір көріп жүр» деген мазмұндағы қоңыраулар жиілеген. Мұндай жағдайда мамандар мектеп әкімшілігімен бірден байланысып, қажет болса мобильді топ оқиға орнына барады. Бұл тек бір реттік шара емес бірнеше кезеңнен тұратын кешенді көмек жүйесі.

Буллинг тек физикалық зорлық емес, сонымен қатар эмоционалдық қысым. Егер мұндай жағдайда бала ересектер тарапынан қолдау таппаса, оның психологиялық күйі нашарлап, өз-өзіне қол жұмсау қаупі артады.

Алайда соңғы деректер көңілге үміт ұялатады: 2024 жылмен салыстырғанда биылғы 9 айда кәмелетке толмағандар арасындағы аяқталған суицидтер 60%-ға, ал суицид әрекеттері 37,5%-ға азайған. Бұл жүйелі профилактикалық жұмыстар мен дер кезінде көрсетілген психологиялық көмектің нәтижесі екенін айтады орталық басшысы.

Психологтар ең бастысы балаларды өз мәселесін ашық айтуға, көмек сұрауға үйрету маңызды екенін ескертеді. Себебі көбінесе жасөспірімдер ішкі күйзелістерін жасырып, тұйықталып қалады.

Мамандар ата-аналар мен мұғалімдерге балалардың мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауға және қажет болған жағдайда 111 нөміріне немесе орталықтың сенім телефонына хабарласуға кеңес береді.

Буллинг жай ғана кикілжің емес, ол баланың психологиялық саулығына терең із қалдыруы мүмкін. Сондықтан оның алдын алу қоғамның, мектептің және ата-аналардың ортақ міндеті.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button