
«Чинсон» корей мәдени орталығының 35 жылдығы – достық пен татулықтың мерекесі
- «Чинсон» корей мәдени орталығының 35 жылдығы – достық пен татулықтың мерекесі
2025 жылғы 4 қазанда «Чинсон» корей мәдени орталығының 35 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.
Бұл айтулы күн Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп, ел бірлігі мен этностар арасындағы өзара сыйластық пен сенімнің нақты көрінісіне айналды.
Салтанатты шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Әміренова Алтынай Байқадамқызы құттықтау сөзін арнап, орталық ұжымының өңірдегі татулық пен ынтымақты нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Сонымен қатар бірлестіктің белсенді мүшелері алғыс хаттармен марапатталды.
Мерекеге қатысқан Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжо Тэ-ик құттықтау лебізін білдіріп, орталық төрағасы Лян Ольга Мироновна мен төраға орынбасары Юн Федор Георгиевичке арнайы алғыс хаттар мен дәстүрлі ұлттық бұйымдарды табыс етті. Бұл – екі ел арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынастың айқын дәлелі болды.
Қазақстан корейлері қауымдастығының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Пак Роза Михайловна сөз сөйлеп, орталық ардагерлеріне құрмет көрсетті, олардың еңбегін жоғары бағалады.
Кештің мерекелік бөлімі әсерлі концертпен жалғасты. Қатысушылар назарына «Аманат» би мектебі, Астана қаласынан келген «Самульнори» ансамблі, «Мисон» би тобы, «Балақай» өнер студиясы, «Синегорье» ансамблінің солистері, сондай-ақ Нұрбек Әбілқасымов, Гүлзада Асылбекова және Ким Василийдің өнері ұсынылды. Қазақтың әуезді әндері мен корей халық билері бір сахнада тоғысып, мәдениеттер үндескен ерекше кешке айналды.
Салтанатты шараның қорытындысында орталық төрағасы Лян Ольга Мироновна алғыс сөз сөйлеп, өнер ұжымдарына естелік сыйлықтар табыс етті. Кеш «Сәлем, Қазақстан!» әнімен аяқталып, барша қатысушылар сахнаға шығып, ел бірлігінің айқын бейнесін паш етті.
«Чинсон» корей мәдени орталығының 35 жылдық мерейтойы – Ақмола өңіріндегі достық пен татулықтың, өзара сыйластық пен мәдени әралуандықтың жарқын мерекесі ретінде есте қалды.



