
Ақмола облысында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасының алғашқы аптасында 370-тен астам құқықбұзушылық анықталды
Ақмола облысында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасының алғашқы аптасында 370-тен астам құқықбұзушылық анықталды
Ақмола облысында 10 сәуірден бастап республикалық «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Бұл туралы Ақмола облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аслан Қызбикенов брифинг барысында мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Бұл акцияның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бір апта ішінде полиция бөлімдеріне 373 жасөспірім жеткізілген. Олардың басым бөлігі сағат 23:00-ден кейін ата-анасыз көшеде жүруі себепті ұсталған. Ақмола облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Аслан Қызбикеновтің айтуынша, жасөспірімдер үшін ең қауіпті кезең – түнгі уақыт, сондықтан рейдтер осы мезгілге ерекше назар аударумен жүргізіледі.
«Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта қоғамдық орындарда ата-анасыз жүруі жиі кездеседі. Дәл осы уақытта олар қылмыстың құрбаны немесе қатысушысы болуы мүмкін», – дейді Қызбикенов.
Рейдтерге 380 полиция қызметкері және 120-дан астам жергілікті атқарушы органдардың, білім беру, денсаулық сақтау салалары мен ҮЕҰ өкілдері тартылған. Нәтижесінде 315 жасөспірімнің ересектердің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүргені анықталды. 31 бала ұсақ бұзақылық үшін жауапқа тартылды. 21 жасөспірім ішімдік ішкені үшін жазаланды. 1 буллинг фактісі тіркелді. 5 бала тыйым салынған заттарды (пышақ секілді) заңсыз алып жүргені үшін ұсталды.
Сонымен қатар, құқық қорғау органдары басқа жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге итермелейтін «бейресми көшбасшыларды» анықтауда. 12 осындай жасөспірімге қатысты ақпарат тиісті қызметтерге жіберіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Іс-шара аясында жағдайы төмен отбасылар да назардан тыс қалмады. Балаларын тәрбиелеу міндеттерін орындамағаны үшін 43 ата-анаға әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, 30 ата-ана мен 41 жасөспірім профилактикалық есепке алынды.
Мектептерде түсіндіру жұмыстары күшейтілді. 454 дәріс,21 брифинг ұйымдастырылды. Сондай-ақ мектептер маңындағы жол қауіпсіздігі тексеріліп, 140 кемшілік бойынша тиісті мекемелерге нұсқама берілді.
Интернеттегі қауіптер де назарда. Полиция қызметкерлері тарапынан 116 қауіпті интернет-ресурс анықталып, олар балалардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіні белгілі болды.
Сауда орындарында да заң бұзушылықтар тіркелді. 21 жасқа толмағандарға темекі сату бойынша 7,заңсыз алкоголь сату бойынша 4 дерек, кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында жүруі бойынша 3 құқықбұзушылық анықталды.
Аслан Қызбикеновтің айтуынша, «Жасөспірім» іс-шарасы – жай ғана акция емес, балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.
«Жасөспірімдер бос жүрмей, спортпен, шығармашылықпен айналысуы керек. Оларды еңбекке баулып, волонтерлік жұмысқа тарту – маңызды қадам», – деп түйіндеді полиция өкілі.
ОПМ «Жасөспірім» шарасы Ақмола облысында жалғасуда. Полиция барлық тұрғындарды балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде бірлесе әрекет етуге шақырады.