
Жастарға мүмкіндік: Мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындау
Жастарға мүмкіндік: Мемлекеттік қызметке конкурстан тыс тағайындау
Биылғы жылдың І тоқсанында Ақмола облысында мемлекеттік қызметке кадрларды тарту мен орналастыру саласында елеулі өзгерістер болды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Думан Әбілев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын GPA 3,33 және одан жоғары нәтижемен аяқтаған түлектер, диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде, конкурстан тыс тәртіпте «Б» корпусының кейбір мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналаса алады.
«БҰЛ МҮМКІНДІК ОБЛЫС ОРТАЛЫҚТАРЫНАН ТЫС ОРНАЛАСҚАН МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА, АТАП АЙТҚАНДА, АУДАНДЫҚ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ МЕМЛЕКЕТТІК ОРГАНДАРДА ҚОЛДАНЫЛАДЫ. ОСЫ НОРМА КҮШІНЕ ЕНГЕН СӘТТЕН БАСТАП, ДЕПАРТАМЕНТПЕН 25 ЖАС МАМАНДЫ КОНКУРСТАН ТЫС ТАҒАЙЫНДАУҒА КЕЛІСІМ БЕРІЛДІ», — ДЕДІ СПИКЕР.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы сияқты білім беру ұйымдарының түлектері де осындай артықшылықтарға ие. Олар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын GPA 3,33 және одан жоғары нәтижемен аяқтаған жағдайда, диплом алғаннан кейін бір жыл ішінде, жергілікті атқарушы органдарда, мәслихат аппараттарында, тексеру комиссияларында және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінде конкурстан тыс орналаса алады. Бұл мүмкіндікті Мемлекеттік басқару академиясының 4 түлегі пайдаланған.
«АУЫЛДЫҚ ОКРУГТЕРДІҢ ӘКІМДЕРІ ӨКІЛЕТТІК МЕРЗІМІ АЯҚТАЛҒАННАН КЕЙІН БІР ЖЫЛ ІШІНДЕ, УӘКІЛЕТТІ ОРГАНМЕН КЕЛІСУ АРҚЫЛЫ, КОНКУРСТАН ТЫС ТӘРТІПТЕ «Б» КОРПУСЫНЫҢ ӘКІМШІЛІК МЕМЛЕКЕТТІК ЛАУАЗЫМДАРЫНА ТАҒАЙЫНДАЛА АЛАДЫ. ОСЫЛАЙША, ДЕПАРТАМЕНТ ӘРТҮРЛІ ЛАУАЗЫМДАРҒА 3 ӘКІМДІ ТАҒАЙЫНДАУҒА КЕЛІСІМ БЕРДІ», — ДЕДІ ДУМАН ӘБІЛЕВ.
Сондай-ақ, Президенттік жастар кадр резерві мен Өңірлік кадр резервінің мүшелері де конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігіне ие. 2024 жылы Президенттік жастар кадр резервінің 1 мүшесі, Өңірлік кадр резервінің 7 мүшесі жергілікті атқарушы органдарда түрлі лауазымдарға тағайындалды.
Сондай ақ, өткен жылғы 30 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерді ротациялау қағидалары мен мерзімдеріне өзгерістер енгізді. Енді ротацияға аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері басшыларының орынбасарлары жатады.
«ОСЫ ӨЗГЕРІСТЕР МЕН БАСТАМАЛАР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ БІЛІКТІ ЖАСТАРДЫ ТАРТУҒА, КАДРЛЫҚ РЕЗЕРВТІ НЫҒАЙТУҒА ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТТЫҢ КӘСІБИЛІГІН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН. КОНКУРСТАН ТЫС ТАҒАЙЫНДАУ ТЕТІКТЕРІ АРҚЫЛЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ ЖОЛДАРЫ ЖЕҢІЛДЕТІЛІП, ТИІМДІ КАДРЛЫҚ САЯСАТ ҚАЛЫПТАСУДА», — ДЕП ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ СПИКЕР.