Заң және Қоғам

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың IV отырысы басталды

 

Жиынға Құрылтай мүшелері мен басқа да делегаттар қатысып отыр. Қазіргі уақытта спикерлер сөз алды.

🇰🇿:

🖼 Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзі басталды

 

Началось выступление Главы государства на заседании Национального курултая

 

️Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Ең алдымен бүгін Амал күні баршаңызға құтты болсын дегім келеді.

 

Қыстан аман-есен шығып, ағайын-бауырмен көрісу – ежелден келе жатқан ата дәстүріміз. Бұл күн – Әз-Наурыздың бастауы. Еліміздің төл мерекесі биыл да қасиетті Ораза айына орайлас келіп отыр.

 

Қастерлі мейрамдарымыз халқымызды игі амалдар жасауға үндейді. Асыл қасиеттерімізді кеңінен дәріптейді. Құрылтайдың ұлық мерекелермен қатар өтіп жатқаны – жақсылықтың нышаны

Мемлекет басшысы:

 

«Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым, оны білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім.

 

Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды»

 

t.me/aqorda_resmi

Президент:

 

«Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан астам уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр.

 

Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды. Биылдан бастап барлық аудан әкімдерін халық тікелей сайлайтын болады. Түрлі деңгейдегі мәслихат сайлауы өкілді билік органдарының жұмысына тың серпін берді. Облыстық және аудандық мәслихат депутаттарының 90 пайызы бір мандатты округтен, яғни тікелей дауыс беру арқылы сайланды. Билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс бұрын-соңды болмады»

Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Ел ішіндегі өзгерістерге Ұлттық құрылтай мүшелері де орасан зор үлес қосты. Жұртымызды ортақ мақсатқа ұйыстырып, игі істерге жұмылдырды. Алқалы жиын алғашқы күннен бастап жалпыхалықтық жаңғырудың символына айналды. Қоғамдық диалогтың жаңа үлгісі қалыптасты.

 

Өзара түсіністік пен құрмет бар жерде келісім болады. Құрылтайдың түпкі мақсаты да – осы»

Президент:

 

«Әділ әрі тиімді салық жүйесін құру еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың тұрмысына тікелей әсер ететінін ұғынған жөн.

 

Билік бизнеске қолдау көрсетіп келді, көрсете де береді. Бұған күмән болмауға тиіс. Бірақ бизнестің өзі заңды және заңсыз болады. Біз заңды сақтау, тәртіпке бағыну керек деп жатамыз. Ендеше Үкіметтің және жалпы биліктің қолдау шараларының игілігін, бірінші кезекте, адал әрі жауапты, ең бастысы, заң аясында жұмыс істейтін кәсіпкерлер көруге тиіс.

 

Салық реформасына келсек, батыл шараларды дәл қазір қабылдау керек. Әйтпесе, бұдан да зор қиындыққа тап боламыз»

Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Қазақстанда түрлі салық режимі, көптеген жеңілдіктер мен преференциялар бар. Оның бәрі елімізде салық офшоры сияқты ахуал қалыптастырды. Кәсіпкерлердің екі негізгі тобы пайда болды. Олар – заңнамадағы олқылықтарды пайдаланып, салық салынатын табысын өзі үшін азайтып көрсететіндер және барлық салықты адал төлейтіндер. Кәсіпкерлердің осы екінші тобы бәсекеге төтеп бере алмай жатыр.

 

Үкімет салық төлеуден жалтару үшін бизнесін бөлшектейтіндердің әрекетіне орынды назар аударды. Өкінішке қарай, мұндай жағдай жаппай белең алған»

Президент:

 

«Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген.

 

Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды. Дегенмен ұсынылған шараларға, соның ішінде, қосымша құн салығына қатысты сын-пікірлер де естіліп қалады. Бірақ мұндай пайым шынайы ахуалға негізделмеген.

 

Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде.

 

Біздің еліміз – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан білім беру, денсаулық сақтау салаларына инвестиция салуды жалғастырамыз. Бұл – біздің конституциялық міндетіміз. Бірақ шын мұқтаж азаматтарға ғана көмек көрсетілуі керек. Қызметін асыра пайдалануға, алаяқтыққа жол берілмейді. Сондықтан басымдық берілмеген жобаларға бөлінетін қаржы азаяды. Бұл қажет шара екені айдан анық. Үкімет осы жылдың соңына дейін оны қалай оңтайландыру керектігін біржола анықтап алуға тиіс»

Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Енді бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге қатысты пікірталасқа тоқталайын. Үкімет пен Парламент бұл мәселені талқылады. Арнайы зерттеулер жүргізілді, шешімге күмән келтірген қоғам белсенділерінің қаупі мен күмән-күдігі расталған жоқ.

 

Үкіметтің және депутаттардың басым көпшілігінің, сондай-ақ мамандардың уәжімен келісемін: біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді. Осымен пікірталасты доғару қажет деп ойлаймын, оның үстіне бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ»

Мемлекет басшысы:

 

«Сондай-ақ бүгін Бекзат Алтынбеков, одан бұрын Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Светқали Нұржан қоғамдық әдеп мәселесін қозғады. Бұл өте орынды деп ойлаймын.

 

Қазір әлеуметтік желіде адамға тіл тигізу, ар-намысын аяққа таптау көбейіп кетті. Жалған мәлімет таратушылар бар. Мұндай келеңсіз үрдістерді тыю жолын қарастыру керек»

Президент:

 

«Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи еліміздегі діни ахуалға алаңдаушылық білдіріп жүр. Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ.

 

Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды»

 

t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Құрылтай мүшелері тағы бір жайтқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Соңғы кезде ел ішінде түрлі алаяқтық әрекеттер жиілеп барады. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жаратады. Сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегуде.

 

Бұдан бөлек, қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтар мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Бұл мәселені Құрылтай мүшесі Айгүл Орынбек дұрыс көтеріп отыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс»

Мемлекет басшысы:

 

«Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа.

 

Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн.

 

Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрға шығармас бұрын алдын ала сүзгіден өткізу жолдарын қарастырған жөн»

 

t.me/aqorda_resmi

Президент:

 

«Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дамыту мәселесін қолға алу керек»

Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Тағы бір маңызды мәселе. Маған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдады. Ол өз хатында күрделі тақырыпты қозғап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударды.

 

Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті.

 

Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек»

Мемлекет басшысы:

 

«Дмитрий Павленко дұрыс мәселе көтерді. Кәсіби техникалық колледждер жаңа мамандықтарға сұранысты және еңбек нарығындағы жағдайды ескеруге тиіс.

 

Сарапшылардың айтуынша, біраз жылдан соң солтүстіктегі халықтың саны едәуір азайып, оңтүстіктегі тұрғындар әлдеқайда көбеюі мүмкін. Бұл – өте өзекті мәселе. Себебі аймақтардың еңбек нарығында теңсіздік одан әрі ушыға түседі деген сөз.

 

Осы мәселемен Үкімет мұқият айналысуы керек. Қостанайдағы колледждің тәжірибесін солтүстік аймақтарда кеңінен қолдану қажет»

 

t.me/aqorda_resmi

Президент:

 

«Жалпы құрылтай мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді үнемі көтеріп жүр.

 

Бәрін сынап-мінеп отыратын бәзбіреулер басты түйткіл – бұл емес, мемлекет назар аударуға тиіс басқа да проблемалар бар деуі мүмкін. Азаматтарымыз күнделікті тіршілікте көптеген қарапайым түйткілге тап болады. Оны елемей, назардан тыс қалдыру дұрыс емес екенін ескерген жөн. Біз азаматтардың тұрмысына қатысты мәселелерді алдағы уақытта да көтереміз, ең бастысы, бұл проблемаларды шешетін боламыз»

 

t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Біз біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалуда. Бұл жердегі түпкі мақсат – барлығын өзгерту емес. Ең бастысы – атқарылып жатқан шаруаны оңтайландырып, оның тиімділігін арттыру.

 

Алдымызда тұрған негізгі міндеттің бірі – жекелеген бағыттар бойынша мемлекеттік аппараттың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру.

 

Өздеріңізге мәлім, елімізде түрлі салаға қатысты бағдарламалар мен кешенді жоспарлар бар. Биыл осындай бірқатар құжаттың мерзімі аяқталады. Әрине, оның кейбірі жалғасады, кейбірі мүлдем тоқтатылады. Үкімет мұқият ойластырып, нақты шешім қабылдауы керек»

 

t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы:

 

«Ел болашағы үшін айрықша маңызы бар салалар бойынша жұмыс үздіксіз жалғасуға тиіс. Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес туралы кешенді жоспардың мерзімі биыл бітеді. Бұл құжат 2023 жылы менің тапсырмаммен әзірленген. Мұндай жоспар елімізге қажет екені анық. Өйткені осы қауіпті кеселге қарсы күрес – өте маңызды мәселенің бірі. Жаңа құжатты дайындауға қазірден бастап кірісу керек»

 

t.me/aqorda_resmi

Президент:

 

«Биыл балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, өзіне-өзі қол салудың алдын алу туралы жоспардың мерзімі де аяқталады. Біз әйелдер мен балалардың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылдадық.

 

Өткен жылы барлық аймақта балаларды Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Заңдарға маңызды өзгерістер енгізілді. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күреске қатысты заң қабылданған соң ахуал біршама жақсарды. Бірақ кейбір шалғай аудандарда әлі күнге дейін мұндай келеңсіз оқиғалар тыйылмай тұр. Жат діни ағымның жетегінде жүрген адамдар жағдайды тіпті ушықтыруда»

 

t.me/aqorda_resmi

Қасым-Жомарт Тоқаев:

 

«Жергілікті билік өкілдері мен қоғам белсенділері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу жұмысынан шет қалып отыр. Оның үстіне, осы бағыттағы жұмыстар қазір әртүрлі құжатпен реттеледі. Шашыраңқы болып тұр бәрі. Соның бәрін бір жерге жинақтаған дұрыс деп ойлаймын. Осыған орай «Қазақстан балалары» атты біртұтас бағдарлама қабылдаған жөн.

 

Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек. Ашығын айтсақ, бала оқыту ісінде бұған дейін білімге көбірек назар аударылды. Ал ұрпақ тәрбиесіне қатысты жүйелі ұстаным болған жоқ. Бұл салаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей келді. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы». Сондықтан біліммен қатар тәрбиеге айрықша назар аудару өте маңызды»

 

t.me/aqorda_resmi

 

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button