Заң және Қоғам

Жақсы ауданында көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр?

Жақсы ауданында көктемгі су тасқынына дайындық қалай жүріп жатыр?

 

Көктемгі су тасқыны кезеңі – кез келген өңір үшін үлкен сынақ. Жақсы ауданында да бұл мәселеге ерекше мән беріліп, төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы брифинг барысында аудан әкімінің орынбасары Бақтияр Қасенов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

 

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылып, кезекшілік ұйымдастырылған. Өткен жылы кейбір елді мекендерде су тасқыны қиындық тудырғанымен, үйлесімді жұмыстың нәтижесінде үлкен шығынға жол берілмеді. Дегенмен, бірнеше үй зардап шегіп, кейбірі апатты деп танылды. Жергілікті билік пен демеушілердің қолдауымен тұрғындарға жаңа баспана сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілді.

 

«Биылғы жылы аудан аумағында су тасқынының алдын алу үшін өзендердің жағалауы бекітіліп, қажетті инертті материалдар мен жанар-жағармай қоры дайындалды. Су деңгейін бақылау үшін гидробекеттер орнатылып, арнайы 9 техника, 15 мотопомпа, 2 қайық пен 3 электрогенератор әзірленді. Сондай-ақ, тасқын қаупі жоғары елді мекендерде эвакуациялық орындар дайындалып, тұрғындарға қажетті ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді», — деді Бақтияр Қасенов.

 

Айтуынша, көктемгі тасқын кезінде жол қатынасы уақытша үзілетін елді мекендерге азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізу алдын ала жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда, су өткізгіш құрылғылардың жөнделуі мен жаңадан орнатылуының нәтижесінде, оқшауланатын ауылдардың саны азайған.

 

Аймақтың инфрақұрылымын жақсарту бағытында да жұмыстар жалғасуда. Мысалы, Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің апатты жағдайы назарға алынып, оның орнына жаңа көпір салу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

 

Жалпы, Жақсы ауданында көктемгі су тасқынына дайындық жан-жақты жүргізілуде. Билік органдары, төтенше жағдайлар қызметі және жергілікті қауымдастықтар бірлесе жұмыс атқарып, табиғаттың тосын мінезіне барынша дайын болуға тырысуда.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button