
ТҰРҒЫН ҮЙІҢІЗДІ ҚАЛАЙ ЖЕКЕШІЛЕНДІРУГЕ БОЛАДЫ КОММУНАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНАН
ТҰРҒЫН ҮЙІҢІЗДІ ҚАЛАЙ ЖЕКЕШІЛЕНДІРУГЕ БОЛАДЫ
КОММУНАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚОРЫНАН
2024 жылғы 22 қарашада Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заңның тұрғын үйді жекешелендіруге қатысты нормалары 2024 жылғы 4 желтоқсанда күшіне енді, азаматтар жекешелендіру үшін әкімдіктерге жүгіне алады.
Сонымен қатар, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 8-тармағына сәйкес жекелеген санаттар өтеусіз жекешелендіруге құқылы:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
2) бірінші және екінші топтағы мүгедектер;
3) Чернобыль атом электр станциясындағы зардаптарды жоюға қатысушылар;
4) Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың құрбандары;
5) Арал өңіріндегі экологиялық зілзаладан зардап шеккендер;
6) бұрынғы КСРО-ны қорғау кезінде, оның ішінде Ауғанстанда әскери борышын өтеу кезінде мүгедек деп танылған әскери қызметшілер;
7) еңбек өтілі бар әскери қызметшілерге, азаматтық қорғаныс, ішкі істер органдарының қызметкерлеріне – 20 жыл, мүгедек бала болған жағдайда – 10 жыл;
8) әскери қызметшiнiң, азаматтық қорғаныс күштерi немесе iшкi iстер органы қызметкерiнiң қызмет өткеру кезiнде қайтыс болған отбасы мүшелерi;
9) саяси қуғын-сүргін құрбандары;
10) ғарышкерлікке кандидаттар, ғарышкерлер.
Басқа азаматтар мұндай тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша, яғни тұрғын үйдің баланстық құнынан тұрғын үйдің физикалық тозуы шегерілген құны бойынша сатып ала алады.
Анықтама үшін: тұрғын үйдің баланстық құны – әкімдіктің бухгалтерлік есебінде көрсетілген осы тұрғын үйді салуға немесе сатып алуға жұмсалған ақша сомасы.
Физикалық тозу жыл сайын үйдің баланстық құнының 2% құрайды.
Бүгінгі күні Индустрия және құрылыс министрлігі Жекешелендіру қағидаларына (Үкіметтің 2013 жылғы 2 шілдедегі № 673 қаулысы) бастапқы жарнаны 10%-ға дейін төмендету бөлігінде және қалдық құны 15 миллион теңгеден асатын пәтерлер үшін бөліп төлеу мерзімін 15 жылға дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізді, ол 2025 жылғы 3 ақпанда күшіне енді.
Айта кету керек, жекешелендіру міндет емес, құқық және халықты баспана сатып алуға ешкім мәжбүрлемейді.
Жекешелендіру арқылы тұрғын үйге меншік құқығын алу үшін өтініш беруші Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе E-GOV арқылы тұрғын үй комиссиясының қарауы үшін келесі құжаттарды береді:
— жалға алушының барлық кәмелетке толған отбасы мүшелері қол қойған тұрғын үйді жекешелендіру туралы өтініш;
— жалдау шарты;
— мүлікті тегін алуға құқығы бар азаматтар санатына мүшелігін растайтын құжат.
Тұрғын үй комиссиялары күнтізбелік отыз күн ішінде тұрғын үйді жекешелендіру туралы шешім қабылдайды немесе жазбаша түрде дәлелді бас тарту береді.
Сонымен қатар, Заң, егер бұл құқық осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін жүзеге асырылса, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді қайта жекешелендіру мүмкіндігін қарастырады.
Анықтама үшін:
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 9-тармағына сәйкес азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан бір ғана тұрғын үйді жекешелендіруге құқығы бар.
Алайда, қолданыстағы заңнама мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді қайталап алуға тыйым салмайды.
Бұл ретте, азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары бір рет көрсетілетінін атап өтеміз.
Облыс бойынша тұрғын үй комиссиясының қарауына 29 өтініш түскен. Оның ішінде 8-і жекешелендіру келісімін жасасқан.
Ақмола облысының энергетика
және ТҮКШ басқармасы