![](https://vestiakmola.kz/wp-content/uploads/2025/02/IMG-20250204-WA0158-1-780x470.jpg)
Жарқайың ауданында дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесі қалай шешілуде?
Жарқайың ауданында дәрігерлердің жетіспеушілігі мәселесі қалай шешілуде?
Жарқайың ауданының денсаулық сақтау жүйесі бүгінгі таңда тұрақты даму үстінде. Ауданда 1 аудандық аурухана, 4 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пункт жұмыс істеп тұр. Бұл медициналық мекемелер аудан тұрғындарына қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетуге дайын, бұл туралы Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Мұрат Исмаилов брифингте баяндады, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметінен.
Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, Жарқайың ауданында медициналық инфрақұрылым нығайып келеді. Қазіргі уақытта аудан бойынша 300-ге жуық дәрігер мен медициналық қызметкер еңбек етеді. Бұл ауданның денсаулық сақтау саласында айтарлықтай жетістіктерге жеткенін көрсетеді. Дегенмен, маман тапшылығы мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Қазіргі уақытта Жарқайың ауданында 9 дәрігер маманы жетіспейді.
- «Жергілікті билік маман тапшылығын шешу үшін белсенді жұмыс істеп келеді. Мемлекет тарапынан жас мамандарға арналған 5 үй қарастырылған, сондай-ақ жоғары оқу орындарында өтетін вакансия жәрмеңкелеріне қатысып, ауданға мамандарды тарту шаралары жалғасуда. Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері аудандық ауруханаға 2 білікті дәрігер мен 4 орта медициналық қызметкер қабылданды. Бұл аудан денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға оң әсерін тигізіп отыр деп есептеймін», деп толықтырды спикер.
Ауданда салауатты өмір салтын насихаттау және аурулардың алдын алу шараларына да айрықша назар аударылуда. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жақсарту және ауруларды ерте анықтап, алдын алу шаралары күшейтіліп келеді. Әсіресе, аудан тұрғындарын тұрақты медициналық тексерулер мен профилактикалық шараларға тарту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл тұрғындардың денсаулығын сақтауға және аурулардың алдын алуға көмегін береді.
«Аудандағы денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге қарамастан, әлі де көптеген жұмыстар атқарылуы керек. Маман тапшылығын толық шешу, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізу – алдағы уақытта шешуді қажет ететін маңызды мәселелер», деп түйіндеді Мұрат Исмаилов.
Аудан әкімдігі бұл бағытта жоспарлы жұмыс жасап, денсаулық сақтау саласының тиімділігін арттыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды көздейді.