Энергия – өркениет өрісі
Әлем төртінші өнеркәсіптік революция табалдырығында тұр. Заманауи озық технологиялар кезеңінің негізгі көзі – интернет пен энергия. Әсіресе, екіншісінсіз мақсат негізсіз болады.
Ал энергия алудың қандай көздері бар? Біз білетін, әрі тұтынып жүрген көмір және газ стансалары энергияның көзі болып отыр. Баламалы энергия көздеріне жел, күн, суды қосуға болады.
Елдегі ірі қалаларда жұмыс істеп тұрған ЖЭС-тердің басым көпшілігі 1970 жылдары салынды. Жылу жүйелерін күрделі жөндеуді немесе жаңартуды талап етеді. Бүгінде ЖЭО жабдықтарының орташа тозуы 66 пайызды құрайды. Соңғы жылдардағы Екібастұз, Рудный, Риддер және Теміртаудағы апатты жағдай ЖЭС-ның қауіпсіздік деңгейі төмендей бастағанын дәлелдеді. Энергетика министрлігінің дерегінше, жұмыс істеп тұрған 37 жылу электр орталығының 19-ы қызыл аймаққа, 11-і – сары, 7-і ғана жасыл аймаққа енеді. Электр энергиясын өндіретін стансалардың 55,5 пайызы 30 жылдан асты. Бұл энергетика саласындағы күрделі мәселелерді тездетіп шешуді міндеттеп отыр. Кейінгі жылдары халық саны көбейіп, бизнес субъектілері мен ірі өндіріс орындарының қуаттылығы артуда. Сондай-ақ төртінші өнеркәсіптік революциясының негізгі құралдары – IT, 3D, роботтехнология өмірімізге дендеп енуде. Ал ағымдағы жағдаймен энергетикалық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мүлде мүмкін емес.
Электр энергиясының негізгі бөлігі ескірді, жаңғыртуға қомақты қаржы қажет. 2015 жылы Париж келісіміне сай Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясын бекітіп, газ шығарындысын азайтуға тиіс. Атом электр стансалары сынды тұрақты энергия көздерінсіз ел энергия тапшылығына, генерациялаушы қуаттардың теңгерімсіздігіне және халықаралық экологиялық міндеттемені орындау қиын. Бірнеше басқосуда атом энергетикасының перспективалары туралы талқылап, энергетиктермен пікір алмастық. Сонда энергетик инженерлер мен ғалымдар АЭС-тің маңызын жан-жақты түсіндіріп берді.
Әрине, бәріміздің бойымызда атом радиациясына байланысты үрей бар. Совет әскерилері мен ғалымдары Семей ядролық полигонында 460 ядролық, термоядролық және сутегі қаруларды жерде, әуеде, жер астында және суда жарылыс жасады. Семей өңірімен бірге Павлодар облысының Май ауданы радиациядан біршама зардап шекті. Бірақ қарудың жөні бір бөлек, бейбіт атомның жөні бір бөлек екенін түсінуіміз керек. Энергиясыз қараңғы түнекте қаламыз. ЖЭС жаңартып, жаңғыртып, дамыта берсек, халықаралық міндеттерді орындай алмаймыз.
Қайбір жылы Екібастұздағы ЖЭС апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалғанда қатты алаңдап, белсенді азаматтармен бірлесіп, сауда орындарынан электрмен жылытатын құралдарды іздеп, тапқанымызды кеншілер қаласына тасыдық. Ауыр күндер артта қалды. Егер жарықсыз қалғанда қалай болар еді. Қақаған қыста қала тұрғындарын эвакуация керек болады. Шүкір, Үкіметтің қамқорлығы мен ел-жұрттың ауызбіршілігінің арқасында қиындықты еңсердік. Енді мұндай жағдай қайтып қайталанбасын.
Бізге келешектегі қиындықтарды болдырмау үшін жаңа энергия көзін іздеп, қазірден іске қосудың қамын жасау керек. «Жасыл» энергияға жататын атом энергетикасын сол себепті дамыту керек. Көрші Өзбекстан АЭС салуды бастап кетті. Тіпті, шөл далада Біріккен Араб Әмірлігі атом энергетикасының игілігін көруде. Оңтүстік Африка Республикасы АЭС-тен энергия алып отырса, Египет іске қосуға ниетті. Яғни, әлемдік қауымдастық атом энергетикасынан жарық алып отырғанда, көштен қалып кетуіміз өзімізге сын болады.
Біздің түсінгеніміз, энергетикалық тәуелсіздік – нағыз тәуелсіздіктің қайнары. Өйткені энергия – өркениет өрісі, энергиясыз өркениет көшіне ілесе алмаймыз.
Жарқынбек АМАНТАЙҰЛЫ,
Парламент Мәжілісінің депутаты