«Атом энергетикасы – әлемдік тренд» — Мирас Жайлауов
Фото:GOV.KZ
Актер Мирас Жайлауов Қауіпсіз және экологиялық таза атом энергиясының уақыты келді деп есептейді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Оның сөзінше, соңғы жылдары Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі кеңінен талқыланып, ғалымдар, экологтар мен халық ортақ пікірге келген. Ол АЭС салу үшін барлық тәуекелдер мен артықшылықтарды мұқият қарастыру қажет екенін айтып отыр.
«Неге дәл қазір? Энергия тұтыну жыл сайын артып келеді, ал жабдықтар тозып барады. Қазіргі таңда электр энергиясының тәуліктік тапшылығы 1200 МВт-қа жеткен. Бұл еліміздің энергетикалық жүйесіне үлкен сынақ.
Декарбонизация жолында
Электр энергиясының 65%-ы көмір станцияларынан алынады. 2060 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын азайту міндеттемесін орындау үшін бізге таза энергия көздері қажет. АЭС – климаттың өзгеруіне қарсы күрестің маңызды құралы», -дей келе Мирас Жайлауов Қазақстанда АЭС салудың үш артықшылықтарын атады.
Оның айтуынша, тұрақты және сенімді энергия көзі, ең жоғары қауіпсіздік стандарттары мен ғылым, білім және жаңа жұмыс орындарының дамуына үлес қосу атом станциясының артықшылықтары.
«Қазақстан 2021 жылдан бері көптеген зерттеулер мен халықаралық кеңестер өткізуде. Енді 2024 жылдың күзінде АЭС салу бойынша республикалық референдум өтеді. Әрбір қазақстандық бұл маңызды шешімге қатысуы керек. Атом энергетикасы – әлемдік тренд. Егер біз қазір әрекет етпесек, кейіннен басқа елдердің, тіпті көршілеріміздің энергетикалық тәуелділігінде қалуымыз мүмкін. Қазақстан үшін уақытты жоғалтпау маңызды!» -деп отыр актер Мирас Жайлауов.