«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ
Қоршаған орта – қастерлі ұя
Бүгінде жер-жерлерде Мемлекет басшысының тапсырмасымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтуде.
Бұл шараның мақсаты — қоғамның тазалықты сақтауға деген көзқарасын өзгерту, табиғатты аялау, тұрғындар арасында қоршаған ортаны қорғау және оны ластамау мәдениетін қалыптастыру. «Қоршаған орта — қастерлі ұя» деген тамаша бір тәмсіл бар. Ауыл сәні — тап-тұйнақтай жиналған көше мен жайқалған жасыл желек.
Өткен аптаның соңында, яғни 20 сәуір күні аудан орталығы Ақмол ауылында «Тазалықты өзімізден бастайық!» деген ұранмен жалпы аудандық сенбілік өткізілді. Оған аудандағы мекеме мен ұйым қызметкерлері және ауыл тұрғындары белсене қатысып, көшелерді күл-қоқыстан, шөптер мен жапырақтардан тазартты. Мұның өз кезегінде өмір сүріп отырған қоршаған ортаның тазаруына септігін тигізгендігі рас. Аулалар мен көшелер тазартылып, ғимараттардың аумағына әктеу, сырлау жұмыстары жүргізіліп, ағаш көшеттері отырғызылды.
Игі бастамаға аудандық емхана, білім бөлімі, №5 орта мектептің мұғалімдері, мәслихат, аудан әкімдігінің экономика, ауылшаруашылығы, сәулет, кәсіпкерлік бөлімдерінің ұжымдары бір кісідей жұмыла ат салысып, ортақ істе ұйымшылдық танытты.
Жалпы акция аясында ғана емес, аудан көлеміндегі көркейту-көгалдандыру және санитарлық-тазалық сенбіліктері барлық елді мекендерінде тұрақты түрде жүргізілуде.
Р. ҚАДІРЖАНҚЫЗЫ, өз тілшіміз.
Ақмол.