РУХЫ КҮШТІ, АЯУЛЫ АЗАМАТ ЕДІ…
Ұмытылмас есімдер
Адал перзент туған елінің тағдырынан тыс тұра алмайды. Жатса да, тұрса да соның қамын жеп, қуанышына ортақтасып, қиындығын жүрегінен өткізеді. Бүкіл ғұмырын мемлекет мүддесіне, ел игілігіне арнаған марқұм Мәжіренов Балтабай Нәженұлын осындай азаматтардың шоғырына қосуға болады.
Жаны жайсаң ардақты азамат Балтабай Мәжіренов көзі тірі болса биыл 80 жасқа толар еді. Аяулы азаматтың көзі тірі болса бүгінгі күні ол туралы айтылар сөз де, оның атына білдірер лебіз де басқаша өрбіген болар еді. Иә, ол өмірден өткен жылдар ішінде өзіне ғана тән ерекше қасиеттерімен жанымызда жаңғырып, рухы биіктей түскен секілді.
– Дүние, ойлап тұрсан шолақ екен, адамдар бір-біріне қонақ екен, – деген халық даналығы қандай дәл айтылған.
Балтабай ағамыз өз өмірін, жасаған еңбегін ел болашағына арнап, барлық білімін, тәжірибесін сол жолға жұмсады. Балтабай Нәженұлының сөзі мен ісінде алшақтық және қойылатын мақсатқа жетер жолда өзін де, өзгені де аямайтын. Оның жүрегінен жылу, көзінен от кетпеген азамат еді. Уақыт емші дегенмен ондай тұлғасы биік адамдарды жүрегің сыздамай еске алу мүмкін емес тәрізді.
Балтекең өмірдің бейнеті мен зейнетін қызу шабытпен, түзу бағытымен, алған бетінен айнымай, ауыспалы кезеңдерде ауытқымай, адаспай, туған халқының келешегіне сарабдал оймен қарап, заман ағысын қатесіз аңдай білетін еді.
Қандай да бір қайраткерлердің еңбегін бағалағанда ең алдымен оның өзі өмір сүрген қоғамға сіңірген еңбегі басты өлшем ретінде алынары даусыз. Балтабай Мәжіренов жауапты қызметтерде болып, биліктің биік тұтқасын ұстап, ауданның экономикалық дамуына, мәдениеттің өркендеп өсуіне зор үлесін қосқан беделді әрі абыройлы тұлға болғанын аға буын өкілдері жақсы біледі. Ол өзіне де, қарамағындағыларға да қатаң талап қоя білетін, әділ әрі кең ойлап, күрделі мәселелерді тура шешетін басшы ретінде танылды. Ең бастысы – талантты ұйымдастырушы, іскер басшы ретінде өзін көрсетіп, қызметте қарапайым, ашық сөйлесетін, оның үстіне тәртіп пен адами мәдениетті қатаң ұстанатын. Ол қызмет бабында жөнсіз қызбалыққа, майдалыққа бармайтын. Ақмола облысы, Целиноград ауданы мәслихатының хатшысы бола отырып, жаңаша жұмыс істеудің үлгісін көрсете білді.
Балтабай Мәжіренов егемен еліміздің қазіргідей қарыштап дамуына елеулі үлес қосқан азамат. Ол жеке басының мүддесінен елінің елдігін, болашағын бірінші кезекке қоятын нағыз мемлекетшіл тұлға еді. Ол отаншыл басшылардың бірі әрі бірегейі болды. Өзінің біліктілігімен, адал қызметімен елді сүйсіндірген, заманының дара тұлғасы болған мемлекеттік қызметкер. Басшы болып істеген адамның атқарған қызметіне баға беретін халық пен уақыт. Одан асқан сыншы жоқ. «Халық айтса, қалт айтпайды» дейтіні де содан. Адами қасиетті өмірінің темірқазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етуі арқылы бүкіл ғұмырын халқының мүддесімен ұштастыра білген басшы осы Балтабай Мәжіренов еді.
Оның тұла бойына парасаттылық қасиетті берік қалыптастырған, халқына барынша адал қызмет ете білді. Атпал азамат ретінде ол иығына артылған жүкті қара нарша көтеріп, сындарлы сынақтардан сүрінбей өте білді. Ол елдің елдігі мен ауызбірлігіне жік түсірмей, тізгінді тең ұстауымен де ерекшеленген басшы болды. Халқына адал қызмет етті. Намысына дақ түсірмеді. Азаматтық абыройының туын жоғары ұстады. Қайсар, бірбеткей мінезінен танбады.
Қатаң талапшылдығымен тәртіп орнатып, жағымсыз көріністердің жолын кесті. Балтабай Мәженұлы, түздегіні түгендеп, ауылдағыға ақыл кеңес беріп, айналасын доспен қоршаған көпшіл болатын. Ер көңіліне сай екпіні ерен, зеректігі терең зерделі еді. Жұмысында тиянақты, туған жер, өскен ортаның қамын ойлаумен жүріп, бір тыным таппайтын.
Амал не, «Жазмыштан озмыш жоқ» деген. Соңынан қалған асыл жары Алтын жеңгеміз отбасының ұйтқысы, балалары Біржан, Алмагүл, Нұржан әке жолын жалғап, елдің ардақты азаматтары атануда.
Балтабай Нәженұлы, қандай жақсы сөз арнаса да соған лайықты азамат еді. Жатқан жері жарық болып, жанына жәннаттан орын тисін, нұры пейіште шалқысын дейміз. Балтабай ағамызды білетіндердің есінде жаны жайсаң, еңбекқор, мамандығына адал, жұмысына берілген, үлкенге лайықты іні, кішіге құрметті аға бола білген азамат ретінде сақталатыны күмәнсіз.
Мағжан Садыханұлы.
Астана.