ҚҰРМЕТКЕ БӨЛЕНГЕН ШЕБЕР
Ауыл – Ел бесігі
Бахшагүл Байдолдақызы туралы ауылдастары жақсы пікірде және оның шеберлігіне әркез тәнті.
Целиноград ауданы Қоянды ауылы мектебінің ұстазы, алтын қолды шебер осы күні зергерлік бұйымдар, қуыршақтар мен мүсіндердің түр-түрін жасап, көп көңілінен шығуда. Технология пәнінің мұғалімі мұндай туындыларды жасауды 2015 жылы қолға алған. Сол уақыттан бері ұлттық болмысымызды айшықтайтын зергерлік өнерді дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
Бахшагүл Байдолдақызы көптеген халықаралық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүрген кәнігі шебер, өзінің бар білгенін шәкірттеріне талмай үйретіп келеді. Шәкірттерімен бірге қайта сұрыптау арқылы қалдық заттардан әдемі дүниелер, сәнді бас киімдер мен әшекейлер жасайды. Бүгінде шебердің осы өнерге қызығушылық танытқан шәкірттері республикалық байқауларда топ жарып, жүлделі орындарды иеленуде.
Сөз орайында Бахшагүл Байдолдақызының Америка мен Түркияға арнайы шақырту алып, осы елдердің елшілігінде болып қайтқандығын айта кету керек. Ол сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен халық дәстүрін дәріптеу мақсатында көпбалалы аналарға, жастарға тегін шеберлік сабақтарын өткізіп жүр.
25 қазан – Республика күні қарсаңында Қазақстан Этнодизайнерлер одағының кеңесшілер құрамы Бахшагүл Байдолдақызының шығармашылық жұмыстары мен жетістіктеріне оң баға беріп, Қазақстан Этнодизайнерлер одағының мүшелігіне қабылдады.
Біз өз кезегімізде Бахшагүлді шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыстар тілейміз.
Р. ҚАДІРЖАН.
Қоянды.