Мәжіліс пен мәслихат сайлауы: Үгіт-насихат кезеңі басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Парламенті Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына түсетін кандидаттар мен партиялар үшін үгіт-насихат кезеңі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 ақпанда сағат 18:00-де басталды. Аталған науқан 18 наурыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурыз – сайлау өтеді.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес сайлауға қатысатын кандидаттардың, саяси партиялардың үгіт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялау немесе эфир алаңын берудің шарттары бар. Тәртіп бойынша сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталардан бес күн бұрын хабарламаған және жарияламаған, сондай-ақ сайлау комиссиясына төлем мөлшері туралы мәліметтерді ұсынбаған жағдайда лауазымды тұлғаға 30, ал заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады», — деп ескертеді Орталық сайлау комиссиясы.
Бұған дейін Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттарға ҚазАқпарат сайтынан интернет-алаң беру шарттары туралы хабарлаған едік.
Айта кетсек, үгіт материалдарын ұсынған кандидаттар олардың мазмұнының Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарына, оның ішінде авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы талаптарға сәйкестігі үшін дербес жауапты болады.
Еске салайық, Мемлекет басшысы 19 қаңтарда Жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 2023 жылғы 19 наурызға белгіленді.
Мәжіліс және мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну 8 ақпанға дейін жалғасты.
Ал кандидаттарды тіркеу 20 қаңтарда басталып, бүгін аяқталды.