Uncategorized

Қазақтың соңғы ханы

Тәуелсіздік үшін тәуекелге барған тарихи тұлға

1841-1847 жылдары қазақ даласын шарпыған көтерілістің қолбасшысы, қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлның талайлы тағдыры бізге жақсы таныс.Халқының бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлғаның рухы ешқашан аласармақ емес. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Абылайдың қалмақ әйелі Хочадан Қасым сұлтан туады. Кенесары осы Қасым сұлтанның баласы.

1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Осылайша Ресей патшалығы қазақ елінің ішкі тірлігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Осы орайдағы өз ұстанымын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының бұл талаптарын орындаудан бас тартады. Көтерілістің шығу себебі де осыған байланысты.

Кенесарының көтерілісін жер-жерден қолдаушылар көбейеді. Өйткені бұл кезде патша әкімшілігі қазақтардың шұрайлы жерлерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастаған еді. Ғасырлар бойы еркіндіке жүрген көшпелі ел ата қонысынан, мал жаятын жерлерінен айрылды. Оның үстіне патша үкіметінің алым-салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының бәрі қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, халықты Кенесары бастаған көтерілісті жан жақты қолдауға итермеледі. Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ халқының ханы болып сайланды. Бірақ бұл хандықты Ресей мойындамады.

Кенесары бастаған халық көтерілісінің ауқымы кең болды, ол XVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басындағы азаттық жолындағы өзге қозғалыстардан қазақ рулары көп қоныстанған негізгі аудандарды кеңінен қамтыды. Кенесары мемлекет құрылымына көп көңіл бөлді, елді басқаруда жаңа құрылымдар мен ережелер енгізді, сонымен бірге істен шығарылған құрылымдарды қайта қалпына келтірді. Мұздай қаруланған патша әскеріне қарсы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының ежелгі тәжірибесіне сүйенді. Әскер қатарында қатаң тәртіп орнатты. Әскерді ұзақ дала соғыстарына бейімдеу үшін мыңдықтар мен жүздіктерге бөліп басқару құрылымын құрды. Үш жүз қазақтарының біріккен ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қатты алаңдатты.

Кенесары өз айналасына ең адал кеңесшілер мен батырларды, халық арасынан отарлық езгіге қарсы шыққан ең беделді, белсенді азаматтарды топтастыра білді. Қиын-қыстау шақтағы ортақ мүдде – ұлттың азаттығы үшін осындай әрекетке баруының өзі ұлылық емес пе?! Патшаның «Бөліп ал да, билей бер» деген озбырлық саясаты қазақ даласына кеңінен таралуы, елдің қатты наразылығын туғызуы оның жақтастарын көбейтуі заңды еді. Сонымен бірге, Кенесарыға қарсы шыққан рулар да болды. Кенесары қатаң тәртіп пен

басқару принциптеріне негізделген Абылай атасының саясатын жүргізді. 1846-жылы Ресей жасақтары мен отаршылдыққа бойұсынған қазақ сұлтандарының әскери құрылымдары Хан Кенені Кіші және Орта жүз аумағынан ығыстырды.

Көп жылға созылған күрес негізгі күшін әлсіреткен Кенесары патша әскерінің қысымымен 1846 жылы Орта жүзден Ұлы жүз қазақтарының жеріне кетуге мәжбүр болады. Мұнда келген соң ол қырғыз манаптарына Қоқан хандығына қарсы бірігіп соғысуға ұсыныс жасайды. Бірақ Орман мен Жантай бастаған манаптар оның бұл ұсынысын қабылдамай, орыстың генерал-губернаторы Капцевичке өздерінің Кенесарымен соғысатынын хабарлап, одан көмек сұрайды. Ресей әскерінің дем беруімен болған Кекілік тауындағы соғыстың қалай аяқталғандығы тарихтан белгілі. Қазақ-қырғыз арасындағы қақтығыста Кенесары қолға түсіп, қаза табады. Кенесарының тәуелсіздік жолындағы күресі де және осы жолда тек қана түркі халықтарының күш біріктіруі арқылы оң нәтиже күтіп, әрекет етуі де оның кең қарымды саясаткер, көреген стратег екенін айқын аңғартады.

Кенесары өзінің басты мақсаты – азаттыққа қол жеткізу үшін ортақ жауға қарсы үш жүздің күш біріктіре күрес жүргізуі керек екенін түсінді. Алайда ұлт-азаттық көтеріліс барысында қазақтардың басы толық бірікпеді. Көтерілістің бас кезінде-ақ олар қарама-қарсы екі топқа бөлінді: бірі Кенесары жағында болса, екіншісі патшаның жүргізген саясатын қолдады. Кенесары Қасымұлы саясаткер, дипломат ретінде қазақ руларының едәуір бөлігін өз туының астына біріктіре алды.

Хан Кененің сіңірген тарихи еңбегі сол — ол қазақ халқының салт-дәстүрін сақтай отырып, оны бостандық пен тәуелсіздік жолындағы күреске жұмылдыра білді.

Әзірлеген Е. ТҮГЕЛБАЙ.

Суретті түсірген Ж. Сәлкенұлы.

Другие новости

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Кнопка «Наверх»