
БЕЛСЕНДІЛІКТЕРІ ЖОҒАРЫ
Референдум-2026
БЕЛСЕНДІЛІКТЕРІ ЖОҒАРЫ


Биылғы саяси науқан – 2026 жылғы республикалық референдумның ел өміріндегі мән-маңызы аса жоғары. Мұны Қазақстан халқы жақсы түсінеді. Сондықтан да болар, жер-жерлердегі референдум учаскелерінде қарбалас тірлік белең алған.
Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылының жұртшылығы да саяси науқанға белсене ат салысуда.
15- наурызда таңертеңнен референдум учаскелеріне ағылған жұрттың қарасы қалың. Қай учаскені алсаңыз да референдум бюллетендерін алған жұрт кабиналарға кіріп, өз ұстанымдарын білдіруде. Толтырылған бюллетеньдер сайлау жәшігіне салынып жатыр.
№733 референдум учаскенінде де осы көрініс. Кезектерін сабырмен күткен халық сарабдал ұстанымдарын паш етуде. Референдум учаскесінің төрайымы Тәкішева Гүлжан Ермекққызы ауыл жұртшылығының осы орайдағы белсенділіктері аса жоғары дейді.
Бұл референдум учаскесінде 18 жасқа толып алғаш дауыс беруші жастарға сыйлық берілді.
Таңертеңнен бері сайлаушылардың 150-ге жуығы дауыс беріп үлгерген екен. Ал жалпы сайлаушылар саны 1316 адамды құрайды.
Бұл референдум халықтың еркін білдіруінің маңызды демократиялық тәсілі болып табылады.
Р. ҚАДІРЖАН.
Ақмол.



