
Конституция – қоғамдық келісім мен жарқын болашақтың кепілі
Конституция – қоғамдық келісім мен жарқын болашақтың кепілі
Әрбір мемлекеттің тұрақтылығы мен өркендеуі оның берік құқықтық негізіне, азаматтарының ортақ құндылықтарға деген құрметіне және қоғамдағы жауапкершілік мәдениетіне байланысты. Қазақстан Республикасының Конституциясы – осы қағидаттарды біріктіретін, ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын және азаматтар мен мемлекет арасындағы өзара сенімді нығайтатын басты құжат.
Ата Заңымыз адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтауды мемлекеттің негізгі міндеттері ретінде белгілейді. Конституциялық қағидаттар еліміздің даму стратегиясының негізін құрап, әділетті, құқықтық әрі жауапты қоғам қалыптастыруға жол ашады.
Бүгінгі қоғамда Конституцияның маңызын терең түсіну – әр азаматтың азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы маңызды қадам. Заңды білу, өз құқықтарын қорғау, міндеттерін адал орындау, қоғамдық өмірге белсенді қатысу – ел болашағына үлес қосудың нақты көрінісі.
Қоғамның дамуы тек мемлекеттік органдардың қызметімен өлшенбейді. Ол әрбір азаматтың белсенділігіне, өз ісіне жауапкершілікпен қарауына, өзгелердің құқықтары мен мүдделерін құрметтеуіне де тікелей байланысты. Осындай ортақ жауапкершілік қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтып, мемлекетіміздің тұрақты дамуына негіз болады.
Конституция – бізді ортақ мақсаттарға ұйыстыратын, елдік мүддені биік қоятын және келешек ұрпаққа әділетті қоғам қалдыруға бағыттайтын құндылық.
Ата Заңды құрметтеу – азаматтық парыз. Заңға деген құрмет – елге деген құрмет. Ал бірлік пен жауапкершілік – Қазақстанның жарқын болашағының негізі.
Алия Хасенова
Целиноград ауданының Қоғамдық кеңесінің мүшесі



