Жыл қорытындысы: жаңа мектептер мен жатақханалар, білім беру гранттары мен шәкіртақыларды көбейту
Primeminister.kz редакциясы 2023 жылды Қазақстанның түрлі салалардағы даму нәтижелері туралы материалдар сериясымен қорытындылауды жалғастырады.
Бүгінгі шолуда білім беру саласы туралы әңгіме қозғалады. Қазіргі уақытта республикада Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі білім беру саласын нығайту жөніндегі бірқатар маңызды бастамалары іске асырылуда.
Атап айтқанда, осы жылдың айшықты оқиғаларының бірі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының басталуы болды, оның аясында 740 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы 369 мектеп салынады. Биылғы білім беру саласындағы жаңа жобалар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы осы материалдан оқыңыздар.
Биыл ел бойынша 137 мың оқушыға арналған 165 мектеп пайдалануға берілді. Осылайша, 12 апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқытатын 29 мектеп бойынша мәселе шешілді. 210-нан астам мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 461 мың оқушыға арналған 217 мектептің құрылысы басталды (екі ауысымда).
● Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылған сәттен бастап (жемқорлардан қайтарылған қаражат) арнайы шотқа 151,9 млрд теңге түсті. Нәтижесінде жалпы сомасы 96,5 млрд теңгеге 76,7 мың оқушыға арналған 62 мектептің құрылысы қаржыландырылды. Биылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 28,6 мың оқушыға арналған 17 мектеп пайдалануға берілді.
Президенттің Сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында 718 мектеп 1 067 заманауи химия, физика, биология, STEM және робототехника кабинеттерімен жабдықталды.
● 1 қыркүйектен бастап 1,6 млн бала тегін ыстық тамақпен қамтылды, олардың ішінде 1,4 млн бастауыш сынып оқушысы және әлеуметтік осал топтардан шыққан 200 мыңнан астам бала бар.
● Мемлекеттік білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін күшейту үшін тиісті жүйелер, атап айтқанда, бейнекамералар, дабыл түймешелері, турникеттер орнатылып, жұмысы қамтамасыз етілген.
«Балабақшаға есепке алудың бірыңғай базасы» әзірленіп, іске асырылуда. Екі облыста балабақшаға есепке алу жүйесі пилоттық режимде жұмыс істейді. 2024 жылы толық іске қосу жоспарланған.
● Биылғы қаңтар айында мұғалімдердің жалақысы тағы 25%-ға өсті. Осылайша, 4 жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы 2 есе көбейіп отыр.
● Қыркүйек айынан бастап 98 мыңға жуық тәрбиешінің жалақысы 30%-ға артты.
● «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы». Президенттік жастар кадр резервінің үлгісі бойынша мықты педагогтар қатарынан кадр резервін іріктеу және даярлау жөніндегі бағдарлама әзірленіп, іске асырылуда.
● Білім беру ұйымдарында тәрбие сапасын арттыру бойынша «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» қабылданды.
● Азаматтарға жоғары білімді қолжетімді етудің қосымша тетігі ретінде «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін әзірлеу басталды.
Жүйе аясында балаға арнайы шот ашылып, оған мемлекет 60 АЕК (5 жастағы балаларға) мөлшерінде бастапқы білім беру капиталын салады. Онда ата-аналардың ерікті жарналары, 5%-7% мөлшерінде жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы және инвестициялық табыс қаражаты жиналатын болады.
Айына 1 АЕК мөлшерінде ең төменгі жарна салынатын болса, бала 18 жасқа толғанша 3,3 млн теңгеден астам қаражат жиналады. Ата-аналардың ерікті жарналары, мысалы, айына 3 АЕК-ке дейін жетсе, 7 млн теңгеден астам қаражат жинау мүмкін болады.
Сонымен қатар жүйе аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау шаралары көзделген. Грантқа түскен жағдайда талапкер жиналған қаражатты тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
● 2023 жылы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 88 мыңнан астам грант бөлінді, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 23%-ға артық. Бұл көрсеткіш 2019 жылдан бастап тұрақты түрде өсіп келеді, ол кезде мемлекеттік тапсырыс көлемі 51 мың грант болған.
● 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы 20%-ға өсіп, 41 898 теңгеге (педагогикалық ғылымдар – 67 200 теңгеге) жетті, магистранттар мен докторанттар шәкіртақылары 15%-ға өсіп, тиісінше 97 024 және 217 500 теңгеге көтерілді.
● Биыл 5,9 мың орынға арналған 25 студенттер жатақханасы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 5 мың орындық тағы 19 жатақхана ашу жоспарланып отыр. Жалпы барлық көздер есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға берілетін болады.