Жыл қорытындылары: экономиканың өсуі және инфляцияның баяулауы
2023 жыл да аяқталуға жақын, яғни осы кезеңнің қорытындысын шығарып, тарих беттерінде қатталып қалатын нақты нәтижелерге тоқталып өтуге болады.
Қазақстан жаһандық құбылмалы жағдайлардағы сыртқы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере отырып, өзінің стратегиялық мақсаттарына жету жолын жалғастырып келеді.
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасында және Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру жалғасын тапты. Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енді, бірқатар ірі мемлекеттік бастамаларды, соның ішінде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру басталды.
Сонымен қатар Үкіметте дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынды, бұл сыртқы күйзелістердің әсерін төмендетуге және алдағы кезеңге экономикалық дамудың негізін қалауға мүмкіндік берді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет алдына ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырып, $450 млрд-қа дейін жеткізу міндетін қойды. Ол үшін жыл сайынғы тұрақты экономикалық өсімді кем дегенде 6% деңгейінде қамтамасыз ету үшін шаралар қабылданады. Атап айтқанда, стратегиялық мақсатқа қол жеткізуде өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларды іске асыру маңызды рөл атқаратын болады.