ЖАҒДАЙ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА
Бүгінде Қояндыдағы ахуал бір қалыпқа түскен тәрізді. Оған кейінгі барған сапарымызда анық көз жеткіздік.
Бұрнағы күні, яғни сәуір айыныңы 1-жұлдызында мұнда Ұлттық Құрылтай мүшесі Пириев Аскер Аллавердиұлы ат басын тіреп, ауылдағы жалпы ахуалмен танысты. Мейман ең алдымен осындағы №2 жалпы білім беретін мектепке ат басын тіреді. Білім ошағының директоры Смағұлова Раушан Майқықызы мектептің матералдық-техникалық базасымен, оқытушылар ұжымымен таныстырып, бірқатар мағлұмат берді. Оның айтуынша, мектептің жалпы аумағы 10584 шаршы метрді құрайды. Екі спорт залы, кең де жарық асханасы, 57 пән кабинеттері бар. Барлығы 2428 оқушы екі ауысыммен мемлекеттік тілде білім алуда.
Осыдан кейін Аскер Аллавердиұлы қар суы ең көп жайылған Атамұра, Отырар көшелерінде болып, тұрғындармен тілдесіп, жағдаймен жіті танысты. Ауылдық округ әкімі Бахытбек Солтанбай қазіргі кезде қауіптің беті біршама қайтқандығын тілге тиек етті. Бүгінде бұл көшелерге 10 сусорғы орнатылып, Астана қаласы төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері мен 20 әскери сарбаздар апаттың бетін қайтару тұрғысында қауырт жұмыстар жүргізуде.
«Бүгінге дейін 75 мың текше метр су сорылып, еріген қар суы 11 шақырымдық арық арқылы Қоянды өзеніне бағытталған. Ауылда 80 көше бар болатын болса, соның 12 шақырымына ғана асфальт төселген. Кей үйлердің іргетасы төмен болғандықтан алғашқы күндері 4-5 үйге су кірді. Қазіргі жағдай қалыпты, үйлердің ішіндегі су толық сорылды. Елді мекеннің инфрақұрылымы енді қалыптасып келе жатқандықтан, мұндай қиындықтардың орын алатындығы рас», — дейді ауыл әкімі.
Бар жағдайды бағамдап, көзімен көрген Аскер Пириев өз сөзінде ендігі жерде табиғаттың мұндай тосын сыйына әркез әзір болу керектігін айтты. «Биыл жерге қар көп түсті, күзгі-қысқы жауын-шашын жер қабатында тоңның пайда болуына әкеп соқты. Осының салдарынан күн күрт жылынғанда қарғын су жерге сіңбей аулаларға лап қойды. Жер кеуіп, жағдай түзелген соң аудан әкімдігі арнайы комиссия құрып, алдағы жылдары мұндай апаттарды болдырмаудың жолдарын қарастырғаны жөн. Бүгінде жағдай тұрақталды дегенімізбен, әр нәрсеге (нөсер жауын, қар аралас жаңбыр) дайын болу керек», — деді өз сөзінде лауазымды мейман.
Қазірде сондай-ақ ауылда еріктірлер мен мектептің мұғалімдер ұжымы қапшықтарға құм толтырып, су жайылады-ау деген орындарға тасып жатыр екен. Бұл істің басы-қасында Целиноград аудандық мәслихатының депутаты Арейхан Берденбек пен №1 мектептің директоры Меруерт Савилханқызы жүр. Біз барған кезде қолдарына күрек ұстаған ұстаздар құм толы қапшықтарды трактор тиегішіне тиеп жатыр екен. Олардың бұл қимылдарына Аскер Аллавердиұлы да ризашылық білдірді.
Аскер Пириев осындағы су тасқынының алдын алу штабында болған кезінде, Төтенше жағдай бөлімінің бастығы Сәбит Кенжебек мейманды бүгінгі күні атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды.
Талғат ТӘШКЕЕВ, өз тілшіміз.
Қоянды.