Заң және Қоғам

Жағдай бақылауда: Ақмола облысында су тасқынының шарықтау шегі өтуде 

Жағдай бақылауда: Ақмола облысында су тасқынының шарықтау шегі өтуде

Ақмола облысында көктемгі су тасқыны кезеңі жалғасуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында түрлі ведомстволардың өкілдері қазіргі жағдай туралы баяндап, қабылданып жатқан шаралар жөнінде есеп берді.

«Қазгидромет» мамандарының айтуынша, облыстың негізгі өзендеріндегі жағдай бақылауда.

«Қылшақты, Шағалалы, Мойылды және Сілеті өзендерінде тасқын шегі өтіп кетті. Алайда, су деңгейінің аздаған ауытқуы байқалуда. Бұл — өзендердің жоғары сағаларынан, орман алқаптары мен сай-салалардан келген еріген судың жетуіне байланысты. Қазіргі уақытта Есіл, Жабай, Қолутон, Нұра өзендері мен олардың салаларында тасқынның белсенді фазасы жүріп жатыр», — деді Бақыт Мақажанова.

Атқарылып жатқан алдын алу шараларына қарамаста Қалқұтан және Жабай өзендеріндегі судың күрт көтерілуі әлі де алаңдаушылық тудырып отыр.

«Новокубанка ауылындағы Қалқұтан гидробекетінде тәулік ішінде су деңгейі 53 сантиметрге көтерілді. Гидробекеттің жоғары және төмен жағында мұз кептелістері байқалады. Ал Жабай өзенінде, Балкашино ауылы маңында алты сағатта су 64 сантиметрге, ал бір тәулікте 100 сантиметрге дейін көтерілді», — деп толықтырды маман.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Рүстем Әбілов жол қызметтері де күшейтілген режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.

«Облыс аумағында 78 көпір, 72 жол өтпесі және 1119 су өткізу құбыры бар. Су тасу қаупі бар 48 орын анықталған, оның ішінде 12 көпір мен 32 құбыр. Өткен жылы бұл нысандарға 30,5 млрд теңге бөлінді, оның 20 млрд теңгесі орташа жөндеу жобаларына бағытталды», — деді Рүстем Әбілов.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков автожолдардағы жағдайға түсініктеме беріп, су тасқыны кезеңіне сала мамандары қалай дайындалғанын айтты.

«Қазіргі таңда облыс бойынша 181 көпір мен 3233 су өткізу нысаны бар. Арнайы техникамен және құралдармен жабдықталған бригадалар құрылды. Қолда 86 бірлік техника, 40 тонна жанар-жағармай және 5500 текше метр инертті материалдар бар. Тәулік бойы патруль ұйымдастырылған, ақпарат ауылдық округ әкімдерінен тұрақты түсіп отырады», — деді Владимир Кулаков.

Басқарма басшысының айтуынша, биылғы су тасқыны кезеңінде автожолдарда 35 су тасу жағдайы тіркелген, оның 17-сі әлі де белсенді күйде.

«Олардың барлығы ерекше бақылауда. Су деңгейі түскеннен кейін жолдарды қалпына келтіру жұмыстары бірден басталады. Жалпы 20 шақырым жолда 40-қа жуық учаске су тасқынынан зардап шекті. Үш көпір де бүлінді. Қазіргі таңда олардың қайта қалпына келтіру жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде», — деп мәлімдеді спикер.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Сәдуақасованың айтуынша, жыл басынан бері орталықтандырылған су көздерінен 1356 су сынамасы алынған. Оның 74-і микробиологиялық, ал 178-і санитарлық-химиялық талаптарға сай келмеген.

«Ең жоғары сәйкессіздік көрсеткіштері Астрахан, Аршалы, Жарқайың аудандарында және Көкшетау қаласында тіркелді. Бұл жерлерде санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша сәйкессіздіктердің үлес салмағы 85,4 пайызды құрап отыр», — деді Садвакасова.

Көкшетау қаласы мен оның маңындағы елді мекендерде су сапасына ерекше көңіл бөлінуде. 20 наурыздан бастап қала бойынша 27 су сынамасы зерттеліп, оның 15-і санитарлық-химиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай болмаған. Қызыл Яр кентінде иіс, дәм, түс және лайлылық көрсеткіштері бойынша нормадан асқан жағдайлар анықталған. Осыған байланысты Көкшетау мен Қызыл Яр кентінде таза су қоймаларына гиперхлорлау жүргізілді.

Барлық тиісті ведомстволар су тасқыны кезеңіндегі қауіп-қатерді азайтып, халық пен инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруда.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button