
Ғылым және инновация – Қазақстанның дамуының негізі
Ғылым және инновация – Қазақстанның дамуының негізі
Қазіргі әлем күн санап өзгеруде, ал ғылым осы өзгерістерге ілесіп, жаңа белестерді бағындыруда. Қазақстанда ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп, қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Егер 2018 жылы ғылыми зерттеулерге ЖІӨ-нің 0,12%-ы ғана бөлінсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1%-ға жетпек. 2024 жылы ғылымға 194,4 млрд теңге бөлінсе, 2025–2026 жылдары қаржыландыру көлемі 509,2 млрд теңгеге дейін ұлғаяды.
Осы қолдаудың арқасында ғылыми жобалардың саны да артуда. Біздің университетте 2018 жылы небәрі екі жоба болса, бүгінде 30-дан астам жоба жүзеге асырылуда. Зерттеулер білім, медицина, ауыл шаруашылығы, IT-технологиялар, қоршаған орта сынды салаларды қамтиды. Сонымен қатар, университетіміз өңірдегі «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Гормолзавод» ЖШС, «Kaz Rost Engineering» ЖШС, «Тыныс» АҚ сияқты ірі кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істеп, өңірлік қажеттіліктерге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізуде.
Жастарды ғылымға тарту мақсатында «Жас ғалым» байқауы жыл сайын өткізіліп, жас зерттеушілерге өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бұл бағдарлама интеллектуалды әлеуетті арттырып, өмір және денсаулық ғылымдары, ауыл шаруашылығы, ұлттық және биологиялық қауіпсіздік бағыттарын дамытуға ықпал етеді. Жас ғалымдардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалған жоқ – 2024 жылдың алғашқы сегіз айында елімізде 290 жас зерттеуші баспаналы болды. Бұл – Қазақстанның ғылымды ғана емес, ғалымдардың өздерін де қолдайтынының айқын дәлелі.
Ғылымды халықаралық байланыссыз елестету мүмкін емес. Осы бағытта «500 ғалым» бағдарламасы үлкен маңызға ие. Бұл бастама қазақстандық ғалымдардың әлемдік деңгейдегі ғылыми орталықтарда тәжірибе алмасуына жол ашты. 2024 жылы бағдарлама аясында 555 стипендия бөлінді: 395 – магистратура және резидентура, 50 – докторантура, 110 – ғылыми тағылымдамалар үшін. Біздің университеттің 6 оқытушысы Michigan State University (АҚШ), Queen’s University (Ұлыбритания) және King’s College (Ұлыбритания) сияқты беделді жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтті.
Сонымен қатар, 2024 жылы шетелдік ғалымдарды тарту бағдарламасы іске қосылып, университетімізге АҚШ, Италия, Сербия, Болгария және Чехиядан 10 ғалым шақырылды. Олар мал азығы өндірісін жетілдіру, сүт өнеркәсібін дамыту және ғылыми мақалалар жариялау белсенділігін арттыру бағытында өз үлестерін қосты.
Қорытындылай келе, ғылым – елдің дамуы мен өркендеуінің басты қозғаушы күші. Қазақстанда ғылымды дамытуға бағытталған қаржылық және инфрақұрылымдық қолдау, жастарды ынталандыру, халықаралық әріптестікті нығайту – барлығы елдің болашағына салынған инвестиция.
Университетіміз де бұл үдерістің белсенді қатысушысы ретінде ғылыми жобаларды жүзеге асырып, өндіріс орындарымен байланыс орнатып, жас ғалымдарға қолдау көрсетіп келеді. «Жас ғалым» бағдарламасы олардың ғылыми әлеуетін дамытуға мүмкіндік берсе, «500 ғалым» бастамасы мен шетелдік мамандарды тарту арқылы зерттеулер жаңа деңгейге көтерілуде.
Біз өз тарапымыздан ғылыми қызметті одан әрі жандандырып, Қазақстан ғылымының әлемдік аренада бәсекеге қабілетті болуына үлес қоса береміз. Білім мен технологияға инвестиция салу – елдің тұрақты дамуының кепілі.
Сырлыбаев Марат
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау
университетінің ректоры