Ақмола облысында еліміздің жетекші хирургы шеберлік сыныбын өткізді
Ақмола облысында еліміздің жетекші хирургы шеберлік сыныбын өткізді
Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында Қазақстанның жетекші хирургтарының бірі – профессор Серік Имақұлы Тоқпановтың қатысуымен шеберлік сыныбы өтті. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын скальпель» және «Алтын лапароскоп» марапаттарының иегері өңір дәрігерлерімен өз тәжірибесімен бөлісті.
Шеберлік сыныбы аясында профессор өңеш тесігі жарығын лапароскопиялық әдіспен алып тастау бойынша ота жасады. Бұл хирургиялық әдіс 0,5–1,5 см көлеміндегі шағын тіліктер арқылы ота жасауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде науқастың ағзасына түсетін жүктеме барынша азайып, оның тез және жайлы қалпына келуіне жағдай жасалады.
«Лапароскопия – хирургиядағы жаңа деңгей. Науқастар мұндай оталарды ауырсынусыз өткереді, ал келесі күні өздігінен қозғала алады. Бұл – медицинаның үлкен жетістігі. Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасында жоғары технологиялық оталарды жасауға барлық жағдай жасалғанына қуаныштымын», – деді профессор Тоқпанов.
Сонымен қатар, шара барысында профессор өңеш тесігі жарығы мен гастроэзофагеальды рефлюкс ауруын емдеудегі лапароскопиялық хирургия туралы дәріс оқыды. Сондай-ақ, қатысушылар өт қабын қауіпсіз алып тастау мәселелерін талқылады. Оқытуға хирургтер, терапевтер, неврологтар, эндоскопистер, эндокринологтар және сәулелік диагностика дәрігерлері қатысты.
Мұндай шеберлік сыныптары озық медициналық технологияларды енгізуге, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға және ең бастысы – науқастарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Өңірде жоғары технологиялық хирургияны дамыту – медицина саласы үшін үлкен қадам ғана емес, сонымен қатар Ақмола облысы тұрғындарының денсаулығы мен әл-ауқатына қосылған маңызды үлес.
Сонымен бірге, Серік Тоқпанов өзінің шығармашылығымен де танымал. Осы ретте, 2025 жылғы 3 ақпанда сағат 18:15-те Көкшетаудағы Үкiлi Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында «Өткен жылдардағы ұмытылмас әндер» атты жеке концерт өтеді. Концерттің авторы – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор, КСРО және республикалық байқаулардың лауреаты Серік Имақұлы Тоқпанов.
Кеш барысында Ақмола облыстық филармониясының оркестрінің сүйемелдеуімен өткен жылдардың ең үздік әндері орындалады. Әсем дауыс, жүрекке жылы әуендер мен жанды музыка көрермендерге шынайы эмоция мен ұмытылмас әсер сыйлайды.