
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮЛЕП ЖАТҚАН КЕЛБЕТІ
Ауыл — Ел бесігі
ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТҮЛЕП ЖАТҚАН КЕЛБЕТІ
Қазіргі таңда Целиноград ауданы күн сайын жаңарып, ауылдарымыздың ажары айшықтала түсуде. Халықтың тұрмыс сапасын көтеру бағытында мемлекет қолдауы мен елге жанашыр инвесторлардың еңбегі зор.

Жолдар жөнделіп, ауызсу мен газ мәселесі шешіліп, жаңа мектептер мен балабақшалар бой көтеруде. Спорт алаңдары ашылып, балалардың жарқын болашағына жол салынуда. Мұның бәрі – ауыл тұрғындарының игілігі үшін жасалып жатқан нақты істер.
Әсіресе, Қызылжар ауылы мен Қабанбай батыр ауылдық округінің дамуына айрықша үлес қосып отырған Сүлейменовтар әулетін ерекше атап өткім келеді. Туған жерге деген сүйіспеншілігін сөзбен емес, нақты іспен дәлелдеп жүрген бұл әулеттің бастамасымен таяу уақытта екі ірі медициналық мекеменің құрылысы басталмақ. Бұл ауыл тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары, экономикаға серпін және халық денсаулығына қосылған үлкен үлес болмақ.
Инвесторлардың тартылуы арқылы жергілікті өндірістер дамып, ауыл жастарына туған жерінде еңбек етіп, болашағын осында құруға мүмкіндік туып отыр.
Ауылдық округтердің тұрғындарымен кездескен сайын халықтың басты тілегі – тұрмыс сапасының артып, балалардың болашағына жағдай жасалуы екенін айқын сезінемін. Осы бағытта мемлекет пен кәсіпкерлердің бірлескен жұмысы айтарлықтай нәтижесін беріп жатыр.
Ауылымыздың бүгінгі жетістігі – бірлігіміздің, елге жанашыр азаматтарымыздың еңбегінің жемісі. Алдағы уақытта да жаңа жобалар іске асырылып, туған жеріміздің жағдайы арта беретініне сеніміміз мол.
Бұл игілікті істердің жүзеге асуына үлкен қолдау көрсетіп жүрген аудан әкімі Сабырғали Дарын Сабырғалиұлының еңбегін де ерекше атап өткім келеді. Ел дамуына жанашыр басшы мен халықтың бірлігі бар жерде ауданымыздың келешегі кемел болмақ.
Ләззат Қонарбаева,
Целиноград аудандық мәслихатының төрағасы.



