Заң және Қоғам

Щучье-Бурабай курорттық аймағы – туризм мен инвестицияның жаңа орталығы

Щучье-Бурабай курорттық аймағы – туризм мен инвестицияның жаңа орталығы

Ақмола облысында туризм саласы қарқынды дамып келеді. 2024 жылы өңірге келуші туристер саны 1 миллионға жуықтады. Олардың 420 мыңнан астамы қонақ үйлерде орналастырылса, 577 мыңы ұлттық парктерді аралаған. Туристік қызметтен түскен табыс 21,5 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артты. Бюджетке 4,7 миллиард теңге салық түсті.

Бұл жетістіктердің 90 пайызына жуығы Щучье-Бурабай курорттық аймағының үлесінде. Мұнда 11 мыңнан астам төсек-орын қоры бар 234 орналастыру нысаны жұмыс істейді. Тек Бурабай ауданында ғана туристік қызметтен түскен табыс екі еседен аса өсіп, 18,9 миллиард теңгеге жетті.

Үкімет 2025–2029 жылдарға арналған курорттық аймақты дамытудың Кешенді жоспарын бекітті. Жалпы құны 137,2 миллиард теңгені құрайтын 118 іс-шараны іске асыру көзделген. Олардың қатарында инженерлік және жол инфрақұрылымын жаңарту, абаттандыру, жаңа туристік нысандар салу бар.

Қазіргі таңда сумен, жылумен қамту және кәріз жүйесін жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа жолдар салынып, 2025 жылы аймақта бақылау алаңы, Променад сквері мен қоғамдық жағажай ашылады. Сондай-ақ туристерге ашық болатын дендропарк жаңғыртылады.

Бурабай кентінде көпфункционалды конгресс-орталықтың құрылысы жоспарлануда. Өңір мәдени-тарихи туризмді де дамытуда: 2025 жылы «Сақ қорғандары» атты жаңа туристік маршрут іске қосылады, ал 2029 жылға дейін тағы екі бағыт ашылады.

Алдағы жылы курорттық аймақта 3 миллиард теңгеге жуық қаржыға 5 жаңа туристік нысан пайдалануға беріледі. 62 жаңа жұмыс орны ашылады. Ірі жобалардың қатарында халықаралық брендті қонақүйлер, апарт-отельдер, этно-кафелер мен абаттандырылған демалыс орындары бар. «Ақбура» ойын-сауық аймағы да инвесторларды тарту үшін кеңейтілуде.

Қауіпсіздікті күшейту шаралары қолға алынған: 79 бейнебақылау камерасы орнатылып, құтқару бекеттері салынып жатыр. Көлік желісі де дамып келеді: Көкшетау – Қызылорда бағытында жаңа пойыз қатынайды, «Курорт-Бурабай» станциясы жаңғыртылуда, тікұшақпен экскурсиялар іске қосылды. Электр көліктерге арналған қуаттау станциялары мен байланыс антенналары орнатылуда. Алайда ұлттық паркте жерді жалға беру тарифтерінің жоғары болуы мәселесі әлі де өзекті.

Экологиялық бағыттағы жұмыстар да ескерусіз қалмаған. Бурабайда қоқысты сұрыптап жинау және қайта өңдеу жүйесі бар заманауи кешен салынады.

Осының бәрі Щучье-Бурабай курорттық аймағының төрт мезгіл бойы қызмет ететін заманауи туризм орталығына айналуына жол ашуда. Бұл – туристерді де, инвесторларды да тартатын, мемлекет назарын аударып отырған маңызды аймақ.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button