СЕГІЗ ҚЫРЛЫ, БІР СЫРЛЫ
Өнерпаз болсаң, арқалан
Бижанов Қалмен Абылайханұлы «Жақсы ой мен жақсы сөз – жақсы істерге жетелейді» деген ұстанымдағы текті әулеттің үмітін арқалаған, білім мен спортты қатар алып жүрген ұстанымы жоғары ұлан. Ол 2006 жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында өнегелі отбасында өмірге келген. №61 «Шолпан» балабақшасында тәлім-тәрбие алды. Отбасының үкілеген үміті Қалмен 1-3 сыныптарды елордадағы Әлкей Марғұлан атындағы №40 орта мектепте оқып, 4 сыныптан бастап №77 мектеп-гимназиясында білім алды.
Отбасының ұйтқысы атасы өмірден өтіп, жаз пейілді, жарқын жүзді әжесі барлығының тілеуін тілеп, бақытты ғұмыр кешуде. Қалменге бойындағы өнер атасынан дарыған. Амантай ағамыз, домбырасын күмбірлетіп, қоңыр дауысымен шырқай жөнелгенде, бәрі де сүйсініп тұрып тыңдайтын. Ат тұяғын тай басар деген осы да. Ардақты ата-анасы да жарасымды жұп. Қалмен үйдің тұңғышы, ізінен ерген іні-қарындастарының қамқоры. Мектепте қоғамдық жұмыстардан да шет қалмайтын заманауи көзқарастағы ұлан. Белсенді, жігерлі шәкірт, салауатты өмір салтын ұстанып, дзюдо спортымен шұғылданады. Өнерге біртабан жақын жеткіншек «Назар» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» деген атам қазақтың тәліміне терең бойласақ, мақсатшыл, талапшыл Қалменнің алар биігі, шығар шыңы зор.
Гимназияның 9 сыныбын бітірген жылы ата-анасы туып өскен жері Оразақ ауылына көшіп келді. Қазір Қалмен осы ауылдағы №27 орта білім мектебінде оқуын жалғастыруда. Көрші ауылдардағы мектептермен арада өткізілетін өнер сайыстарында алдына жан салмайды. Жайдарман жарысы мен түрлі байқауларда нағыз жігіт сұлтаны екенін танытты. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған «Алтын домбыра — 2019» байқауының жеңімпазы, мадақтама иегері, «Абыз домбыра VI» қалалық күйшілер мен әнші-термешілер байқауының Алғыс хат иегері, қалалық «Дала әуендері» байқауында аспапта ойнау номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алған. Наурыз мерекесіне арналған дзюдо спорты бойынша ашық турнирдің ІІІ орын жеңімпазы. 2021 жылы Целиноград ауданы бойынша өткізілген отбасылық сайыстың бас жүлде иегері. «Хазар» ансамблінің құрамында 2022 жылы «Көктем жұлдыздары» атты фестивалінде де топ жарды. Бос уақытында гитарада ойнап, домбыра шертіп, спортпен шұғылданады.
Бұл күнде Қалмен Оразақ мектебінің мақтанышы, үздік оқушы. Талантты балаға өнерің өрлей берсін демекпіз. Асқар шыңдарды бағындыра бер!
Асылбек РАМАЗАНОВ, зейнеткер.
Оразақ.