Сайлаушы нені білу керек
20 қараша — ҚР Президентін сайлау күні
Орталық сайлау комиссиясы сайлауға қатысты тіркеу ережелерін жариялады.
Сайлаушыларды тіркеу
Азаматты сайлаушылар тізіміне енгізу үшін сайлаушының сайлау учаскесі аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелуі негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеуді жүзеге асыруға уәкілетті органдар әділет органдары болып табылады.
Жеке тұлғалардың тұрғылықты жерін тіркеу:
олардың белгіленген тәртіппен тұрғын үйді меншігіне сатып алғанын растайтын не оны пайдалануға, оның ішінде жалға алу (жалдау), ішінара жалға алу шарты бойынша алғаны туралы куәландыратын;
оларға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге негіздерде, сондай-ақ тұрғын үй меншік иесінің (жалға алушының) жазбаша келісімі бойынша тұрғын үйде тұру құқығын беретін құжаттардың негізінде жүзеге асырылады.
Азаматтарды тіркеу:
тұрғын үйлерде, пәтерлерде, жатақханаларда, қонақүйлерде;
демалыс үйлерінде, шипажайларда, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде;
саяжай бау-бақша серіктестіктері мен кооперативтерінің тұрғын үй-жайларында;
интернат-үйлерінде, тұрғын үйге ыңғайланған қызметтік ғимараттарда тұрақты тұратын жері бойынша жүзеге асырылады.
Азаматтардың жауапкершілігі
Азаматтардың жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлік бойынша, сондай-ақ тұрғылықты жері немесе уақытша келген жері бойынша үш айдан астам мерзім бойы тіркелмей тұруы ескертуге немесе бір айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде айыппұлға әкеліп соғады.
Сайлаушылардың тізімдері
Сайлауға қатысу үшін қажетті шарт сайлаушылар тізіміне сайлаушылардың енгізілуі болып табылады.
Сайлаушылардың тізімдерін тұрғылықты жері бойынша тиісті әкімдік жасайды.
Сайлау тағайындалған сәттен бастап әрбір сайлаушы тиісті әкімдікте сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Сайлауға дейінгі отыз күннен кешіктірілмей
Егер сізге сайлау күні тіркелген жеріңіз бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіздің болмайтыны белгілі болса, сіз сол жердің әкімдігіне сайлау күні өзіңіз болатын жер бойынша сайлаушылар тізіміне сізді енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз.
Дауыс берудің басталуына жиырма күн қалғанда, тиісті әкімдік учаскелік сайлау комиссияларына акт бойынша сайлаушылар тізімдерін ұсынады.
Дауыс беру күніне он бес күн қалғанда, сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелерінде танысу үшін сайлаушыларға ұсынылады.
Сіз сайлаушылар тізімдеріндегі өзіңіз туралы деректерді тексеруге және тізімге енгізілмегеніңіз, дұрыс енгізілмегеніңіз немесе тізімнен алынып тасталғаныңыз, сондай-ақ тізімдегі сіз туралы деректерде жаңсақтықтар жіберілгені үшін шағым жасауға құқылысыз.
Тізімдерге түзетулер енгізу қажеттігі туралы өтініштерді учаскелік сайлау комиссиясы өтініш келіп түскен күні қарайды.
Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тізімдерін ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде
Сіз өзіңіздің болу орныңызды ауыстырған кезде өзіңіздің тіркелген жеріңіз бойынша учаскелік сайлау комиссиясына жүгінесіз, ол жерде төлқұжатты немесе жеке куәлікті берген кезде учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін табыс етеді. Бұл ретте сайлаушылар тізіміне тиісті белгі қойылады.
Есептен шығару куәлігі бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау округінде немесе басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға берілмейді.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс беру күні алдындағы күнгі жергілкіті уақыт бойынша 18 сағатта аяқталады.
Дауыс беретін күні дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелік сайлау комиссиясы сізді келген орныңыз бойынша сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізеді.
election.gov.kz