Сайлау: ТМД байқаушылар миссиясы жұмысына кірісті
АСТАНА. ҚазАқпарат – Тәуелсіз мемлекеттер достастығының байқаушылар миссиясы елімізде өтетін кезектен тыс Мәжіліс депутаттары сайлауына дайындық және өткізу барысына мониторинг жасауға кірісті.
Бұл туралы ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары Леонид Анфимов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазір ғана Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровпен сөйлестім. Бізге сайлау науқаны барысы жайында жан-жақты ақпарат берілді. Бұл біздің Қазақстандағы парламенттік және президенттік сайлауларды байқаушылардың 17-ші, ал жалпы ТМД кеңістігіндегі 120-шы миссиясы екендігін атап өткім келеді», — деді ол ОСК-де өткен брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, миссия құрамына ТМД мемлекеттері өкілдерінен бөлек, ТМД-дағы қатысушы мемлекеттердің парламентаралық ассамблеясының, ҰҚШҰ парламенттік ассамблеясының, Беларусь пен Ресей парламенттік ассамблеясының, ТМД Атқарушы комитетінің байқаушылары кіреді.
«ТМД-дан байқаушылар миссиясы мүшелерінің жалпы саны шамамен 200 адамды құрайды деп болжанады. Бүгіннен бастап ТМД байқаушылар миссиясы Астанада жұмысын бастайды», — деді Леонид Анфимов.
ТМД өкілінің айтуынша, миссия жұмысы барысында саяси партиялардың сайлауалды штабтарымен, депутаттыққа кандидаттармен бірнеше кездесу өткізіп, барлық деңгейдегі сайлау учаскесінің жұмысымен танысуы жоспарланған.
«Байқаушылардың негізгі тобы дауыс беруге 2-3 күн қалғанда, яғни 16-17 наурызда Астанаға келеді деп күтіледі. Жалпы біз тек Астанада ғана емес, сонымен бірге елдің өзге де өңірлерінде дауыс беру процесін байқайтын боламыз», — деді ол.
https://www.inform.kz/kz/saylau-tmd-baykaushylar-missiyasy-zhumysyna-kiristi_a4040595