Сайлау: Еліміздің басым бөлігінде дауыс беру аяқталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның 15 өңірінде Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Астана уақытымен сағат 18:00-дегі жағдай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген республиканың 6 390 046 азаматы бюллетень алды. Бұл жалпы сайлаушылардың 53,11 пайызын құрайды.
Қазіргі уақытта еліміздің 5 өңірінде, атап айтқанда, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында дауыс беру жалғасуда. Бұл өңірлерде сайлау учаскелері елорда уақытымен сағат 21-00-де жабылады.
Айта кетерлігі, Қазақстанның 62 шет мемлекеттегі өкілдіктері жанынан 77 сайлау учаскесі ашылған болатын. Оларда 12 016 адам дауыс беруі тиіс. Астана уақытымен сағат 18:00-де шетелдердегі 11 сайлау учаскесі жұмысын аяқтады және қазір жұмыс істеп жатқан учаскелерді қосқанда шамамен 5 мың Қазақстан азаматы дауыс берді. Бұл 42 пайызды құрайды. 66 учаске жұмысын жалғастырып жатыр. Жалпы, шетелдегі дауыс беру 20 наурыз күні таңертеңгі сағат 09:00-де Сан-Францискодағы сайлау учаскесінде аяқталады.
Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың учаскелерге келуі туралы сағат 20:10-да және 22:10-да ақпарат ұсынатын болады.