Сайлау: Елдегі 8 272 учаскеде дауыс беру басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміз өңірлеріндегі 8 272 учаскеде дауыс беру басталды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Орталық сайлау комисссиясы облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған ақпараттына сәйкес, 07.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде 8 272 учаскеде дауыс берудің басталғанын хабарлайды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының 12 шет мемлекеттегі 13 учаскесінде дауыс беру басталды. 92 учаскеде аумақтық комиссиялардың Конституциялық заң аясында қабылданған шешімдеріне сәйкес, дауыс беру таңғы сағат 06.00-де басталды. 5 өңірдің, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда облыстарының 1 887 учаскесінде дауыс беру астана уақытымен сағат 08.00-де басталады. Барлығы 10 223 учаскесі, оның ішінде 62 шет мемлекеттегі еліміздің 77 учаскесі бар», — деді Константин Петров.
Оның атап өтуінше, сайлаушылар тізіміне 12 млн 32 550 адам бар. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығын беретін барлығы 12 765 есептен шығару куәлігін берді.
Бүгін учаскелерде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін жүргізіледі. Учаскелік сайлау комиссиялары жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де дауыс санауды, дауыс беру нәтижелері туралы хаттама жасауды бастайды.
Уақыт белдеуіне байланысты кейбір шет мемлекеттерде дауыс беру бізден ерте басталады. Қазақстандықтар өмір сүретін Еуропа, Ұлыбритания, Ресей, АҚШ, Қытай, Корея, Үндістан сынды бірқатар мемлекетте 77 дауыс беру учаскесі ашылған.
Бұл жолы дауыс санау процедурасы ұзаққа созылады. Себебі бюллетеньдер саны әдеттегіден көп. Бірақ, заң бойынша дауыстарды санау 12 сағаттан аспауы тиіс. Дауыстарды санау барлық сайлау учаскелерінде таңғы 8:00-де аяқталады.
Республикалық маңызы бар қалаларда (Астана, Алматы және Шымкент) дауыс беру төрт бюллетень бойынша саналады. Оның екеуі Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау және екеуі – мәслихаттар бойынша. Ал 17 облыста дауыс беру бес сайлау бюллетені бойынша өтпек. Оның екеуі Мәжіліс бойынша, екеуі – облыстық мәслихаттар бойынша және біреуі – аудандық немесе қалалық мәслихат бюллетеньдері.
ҚР Конституциясына сәйкес, Парламент Мәжілісі аралас сайлау жүйесі бойынша Конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын 98 депутаттан тұрады. Бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі аумағы бойынша, яғни партиялық тізім бойынша Мәжілістің 69 депутаты, бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша – 29 депутат сайланады. Мәжіліс депутаттарын сайлауға елімізде ресми тіркелген 7 партия да түсіп жатыр.
Еске сала кетсек, 19 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және 19 наурыз күні Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған еді. Бұл күні Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды.
Мәжіліс сайлауын байқауға 41 шет мемлекет пен 12 халықаралық ұйымнан 793 байқаушы ресми тіркелді.
https://www.inform.kz/kz/saylau-eldegi-8-272-uchaskede-dauys-beru-bastaldy_a4047405