Закон и Общество

БІР УЫС ТОПЫРАҚ

2022 жылдың мамыр айында Ресейдің Смоленск облысының Духовщинский ауданында неміс-фашист басқыншыларымен болған шайқас орындарын қазу кезінде Ақмола облысының Ерейментау ауданынан Отан қорғауға аттанған аға сержанат Қайыргелді Әубәкіровтың мүрдесі табылды.
Бір шағын траншеяның ішінде 5 жауынгер қаза тапқан екен.
Аға сержант Қайыргелді Әубәкіровтың шинелінен «Отличный снайпер» белгісі және «Қызыл жұлдыз» ордені табылды.

Қаза тапқан жылы – 1943 жылдың 19 қыркүйегі.
Майдангер жауынгерлерді іздейтін арнайы топ мүшелері марқұм Қайыргелдіге шөбере боп келетін Рүстем Шахаймен байланысып, барлық мәліметтерді жеткізген.
Сол себептен, Рүстемнің әкесі – 73 жасар Егінбай, оның інісі Жәнібек, келіні Роза, қарындасы Дариға туған жерінен бір уыс топырақ алып мамыр айының 3-жұлдызында Смоленск облысына жүріп кетті.
Негізі, Қайыргелді Әубәкіров 1921 жылы Еркіншілік ауданының 8-ші ауылында дүниеге келген.
Бірақ, тұрмыстың ауыртпашылық кезінде әкесі Ахмет пен анасы Шәрбән Омбы жағына қоныс аударады. Есейген жас жігіттің сол Омбының Мариновский ауданынан әскерге шақырылғанын біреу білер, біреу білмес.
1942 жылы сұрапыл соғыстың алғы шебінде болған сұр мерген Қайыргелді Әубәкіров ерекше спайперлер бөлімінде қызмет атқарады.
79 жаудың көзін жойған жерлесімізге «Қызыл жұлдыз» ордені берілген. Оққа ұшқан жаудың 47-сі үлкенді-кішілі неміс офицерлері.
Егінбай Шахаев Ерейментау ауданына белгілі азамат. Бала күнінен еңбекпен араласып, жақсы жанұяның отағасы атанды.
Егінбайдың анасы Мәшәкәр мен әжесі Шәрбән өмірбойы Қайыргелдіден үміттерін үзген жоқ.
Батырдың Ерейментаудағы қарындастары Күләй мен Қайша, туған інісі Төлеутай оның жолын үнемі тосумен болды.
Бірақ, араға 80 жылға жуық уақыт салып қаралы хабар келіп жеткенін қайтесіз. Мұны батырдың әкесі Ахмет, анасы Шәрбән мен қарындасы Мәшәкәр естіген жоқ.
Шахай әулетінің бүгінгі үлкені Егінбай алыс жолға бауырларын ертіп, туған жерінің бір уыс топырағын шүберекке түйіп, Ресейдің шалғайдағы сонау Смоленск облысына аттанып кетті.
Жолың болсын, абзал Ел азаматы!
Жанат ТҮГЕЛБАЕВ.
Астана.

Другие новости

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Кнопка «Наверх»