Президент «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйледі
Президент «Жаңа адамдар» жастар форумында сөз сөйледі
✔️Форумда «Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшісі Әсел Баденова Президентке ұйымның осыған дейін атқарған игі істері мен азаматтық бастамаларын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі кезде қозғалыстың 19 қалада кампусы, 15 мыңға жуық белсенді мүшесі бар. Қозғалыс елімізде ондаған азаматтық бастамалар мен акцияларды ұйымдастырып үлгерген. Жастар вандализммен, рұқсат етілмеген жерге қоқыс төгушілермен, кәмелетке толмаған балаларға ішімдік сатушылармен, есірткі таратушылармен және басқа да әлеуметтік кеселдермен күрес жүргізіп, өздерінің азаматтық ұстанымдарын ашық әрі белсенді білдіріп жүр.
✔️Мемлекет басшысы форумға жиналған жалынды жастардың бойындағы Отанға, елге деген сүйіспеншілік пен құрметке ризашылығын білдіріп, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтардың әр жетістігіне қуанатынын, әр бастамасын қолдайтынын жеткізді.
– Қазақстанның жастары – жасампаз. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Жаңа ғана өте жақсы ойлар айтылды. Тың идеялар, игі бастамалар бар. Сіздердің сөздеріңізді тыңдап, форум атмосферасын сезіне отырып, кеудемді мақтаныш кернеді. Қазақстанның болашағына деген сенімім нығая түсті. «Жас келсе – іске» деп бекер айтпаған. Еліміздің келешегі ойы ұшқыр, білімі терең, көзқарасы заманауи жастардың қолында. Мен Президент ретінде Сіздерге зор үмітпен қараймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
✔️Президент қазір еліміз үшін тарихи кезең екеніне, алдымызда биік мақсаттар тұрғанына назар аударды.
– Біз жұрттан көш ілгері жүретін ел боламыз. Үйренетін де, үйрететін де ұлт боламыз. Жастар барлық өзгерістің бастауында тұрады. «Жаңа адамдар» – жаңа қоғамның айнасы. «Жаңа адамдар» – жаңа болмыс! Бұл – өз еліне адал жастардың қозғалысы! Біздің стратегиямызға қолдау білдірген сіздерге алғыс айтамын. Реформаларымыздың мән-маңызы ұрандарыңызда көрініс тапқан. Бұл өзгерістер Әділетті Қазақстанды құру, «Заң мен тәртіпті» қамтамасыз ету тұжырымдамасына негізделген, – деді Мемлекет басшысы.
t.me/aqorda_resmi