Президент сайлауы: Жигули Дайрабаев Орталық сайлау комиссиясына құжаттарын өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Жигули Дайрабаев «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен президенттікке кандидат болып ұсынылғаны туралы құжаттарын ұсынды. Бұл туралы ҚазАқпарат Орталық сайлау комиссиясына сілтеме жасап хабарлайды.
«2022 жылғы 5 қазанда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Жигули Молдақалықұлы Дайрабаевтың «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» Республикалық кәсіподақтар бірлестігінен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсынылғаны туралы келесі құжаттары ұсынылды:
- «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
- Ж.М. Дайрабаевтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
- Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
- Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Жоғары білімі туралы дипломдардың көшірмелері», — делінген ОСК ақпараттық хабарында.
Бұған дейін Жигули Дайрабаев өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары қандай болатынын айтқан еді.
Айта кетсек, 4 қазанда Орталық сайлау комиссиясына президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Мейрам Қажыкеннің құжаттары тапсырылды.
https://www.inform.kz/kz/prezident-saylauy-zhiguli-dayrabaev-ortalyk-saylau-komissiyasyna-kuzhattaryn-otkizdi_a3987050