Президент: Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес
ҚазАқпарат – Отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. Бұл жайында Түркістанда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін мен ұсынған бастамалар – алдағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі ғана. Жаңа идеологиялық тұжырымды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері – бәрі жұмылуы қажет. Президент Әкімшілігі жұмыс жоспарын әзірлеп, айтылған мәселелерді түгел қатаң бақылауға алады. Біз Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – өте жауапты әрі абыройлы міндет. Біз отаншылдығымызды және елге жанашырлығымызды нақты іспен көрсетуіміз керек. «Адал азамат» болуға ұмтылуымыз қажет. Сонда әрқайсымыз Отанымызды өркендетуге үлес қосамыз. Мен үшін Ұлттық құрылтай жұртшылықпен кездесіп, жай ғана пікір алмасатын жер емес», — деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, Ұлттық құрылтайды еліміздің мәдени-рухани өрлеуіне жол ашатын шамшырақ деуге болады.
«Яғни, құрылтай алаңында қоғамның жаңа этикасын және оның жаңа даму үлгісін қалыптастыру мәселесі қаралады. Әрине, бұл – бір күнде бітетін шаруа емес. Ол үшін күн сайын тынымсыз еңбек етуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет пен қоғам бірге жұмылып жұмыс істеуі қажет. Бұл ұлтымыздың бойына орасан зор күш-қуат дарытады, өзгеріске деген құлшынысын оятады. Сонда ғана, еліміз көздеген мақсатына жетеді. Осылайша, алдағы онжылдық еліміздің нағыз өрлеу дәуіріне айналмақ. Мен бұған кәміл сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.