Партиялар мен өзін-өзі ұсынушылар сайлаушылардың дауысы үшін күреседі – сарапшы
АСТАНА. ҚазАқпарат – Партиялар мен өзін-өзі ұсынушылар сайлаушылардың дауысы үшін күреседі. Мұндай пікірді Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сарапшы алда өтетін Мәжіліс пен маслихат сайлауының ерекшеліктеріне тоқталып, Қазақстанда жүріп жатқан ірі реформалар саяси доданың тәртіптері мен оның өту процесіне өзгеріс әкелгенін айтты.
«2021 жылы парламенттік сайлау карантин жағдайында өтті. Бірақ бұл сайлау конституциялық мерзімде өтті. Алдағы сайлау саяси жүйенің жаңа ережелер бойынша мүмкіндігінше шұғыл жүзеге асыру үшін мерзімінен бұрын болады. Саяси реформалар сайлау өтетін жағдайларды айтарлықтай өзгертті. Мысалы, саяси партиялар Мәжіліске өту үшін сайлаушылардың 5 пайыз дауыстарын жинау керек. Бұл партияларға жеңілдік болып көрінеді. Бірақ жаңа партиялар пайда болды, ал кейбір партиялар ребрендингтен өтіп, оларға жаңа көшбасшылар келді.
Бұл сайлаудың ең маңызды ерекшелігі — мажоритарлық жүйе бойынша депутаттардың бір бөлігін сайлау. Олар тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ өзін-өзі ұсынып, сайлауға шыға алады. Мұндай жүйе бұрын болған, бірақ 2021 жылғы сайлауда барлық мәслихаттар партиялық тізімдер бойынша құрылды. Негізінде біз аралас сайлау жүйесіне қайта оралдық», — деп пікір білдірді Ермек Тоқтаров.
Оның сөзінше, сайлауда өзін-өзі ұсынған кандидаттарға дауыс беру халықтың саяси процестерге тікелей араласуына, олардың маңызды шешімдер қабылдауда өзіндік үн қосуына ықпал етпек. Яғни, бір мандатты округтер бойынша сайланған депутат азаматтардың мүддесін мінберде көтеруге мүмкіндік алады.
«Өзін-өзі ұсынған үміткерлер депутат болып сайланған жағдайда қоғамдық саясаттың маңызды қатысушылары болады. Олар округтен келген өз сайлаушыларының мүдделерін қорғауға міндетті. Бұл депутаттар азаматтар жағынан мұқият қадағаланады, өйткені олардың мандатын қайтаруға мүмкіндік бар. Жергілікті тұрғындар үшін бұл өз мүдделерін Мәжіліс деңгейінде де, мәслихаттар деңгейінде де қорғауға үлкен мүмкіндік. Мұндай жағдай азаматтарды қызықтырады және олардың саяси қатысуының тиімділігін арттырады деп сенемін», — дейді сарапшы.
Сонымен қатар Ермек Тоқтаров биылғы Мәжіліс және маслихат сайлауында жоғары бәсекелестік күтіліп отырғанын атап өтті.
«Жаңа партиялардың пайда болуы және бір мандатты округтерден өзін-өзі ұсынушылардың қатысуы сайлаудағы жоғары бәсекелестікті қамтамасыз етеді. Әртүрлі идеялар мен жобалар арасындағы бәсекелестік болады. Партиялар мен өзін-өзі ұсынушылар сайлаушылардың дауысы үшін күреседі. Олар елдің болашағы туралы өз көзқарастарын, мәселелерді шешу жаңа тәсілдерін ұсынатын болады. Бұл негізгі сайлауалды белсенділік болады», — деп бөлісті ол.
Ермек Тоқтаровтың айтуынша, еліміздегі реформалар мен алдағы сайлау процесі билік органдарын жаңарту арқылы тиімді мемлекеттік басқару жүйесін құруға бағытталған.