ОСК Тоқаевтың кандидатурасын талапқа сәйкес тігін белгілеу туралы қаулы қабылдады
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Орталық комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәйкестігі туралы ОСК хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа қатысты уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады.
«Құзыретті мемлекеттік органдардан келген мәліметтерге сай азамат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қатысты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркелуге кедергілер жоқ екені анықталды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, Қазақстанда соңғы 69 жыл бойы тұрады», -деді Мұхтар Ерман.
Айтуынша, кандидат Қ. Тоқаевтың мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 43 жыл 1 ай.
«Әділет министрлігі ұсынған мәліметтерге сай Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсынған Республикалық қоғамдық бірлестіктердің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаттары бар», — деді ОСК хатшысы.
Осыған байланысты Ортсайлауком қаулы қабылдады:
«1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын.
2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін.
Қол жинауды кандидаттың сенім білдірілген адамдары жүзеге асырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары Орталық сайлау комиссиясының 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген Нұсқаулық негізінде жүзеге асыратын болады», — делінген қаулыда.
Еске салайық, Қ.Тоқаевтың кандидатурасын президенттікке халық коалициясы ұсынған болатын. Бүгін ҚР ОСК Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасы барлық талаптарға сай екенін мәлім етті. Сондай-ақ үміткер неліктен лингвистика емтиханын тапсырмайтыны түсіндірілді.