Заң және Қоғам

Орталық Азия – Еуропа Одағы: Ынтымақтастыққа тың серпін берген саммит

Өзбекстанның Самарқанд қала­сын­да «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті өтті. Айтулы іс-шарада Қазақстан Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, геосаяси дүрбелеңдер мен жаһандық сын-қатерлер белең алған кезеңде Орта­лық Азия мен Еуропа Одағы ара­­сындағы ықпалдастықтың өзек­­тілігі арта түскеніне назар аударды.

Сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн

Мемлекет басшысы алдымен ерекше қонақжайлық көрсеткен және сам­митті жоғары деңгейде ұйымдастыр­ған Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевке алғыс айтты. Сонымен қатар көпжақты ынтымақтастықты нығайтуға әрдайым ниет танытқаны үшін Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Коштаға, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенге және Орталық Азия елдерінің басшыларына шынайы ризашылығын білдірді.

Бұдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мен Еуропа Одағының келешектегі күн тәртібіне қатысты өз ойын ортаға салды. Президент, ең алдымен, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға баса мән берген жөн деп санайды. Оның айтуынша, Қазақстан ЕО нарығына жалпы құны 2 млрд доллардан асатын 175 тауар түрінің экспортын ұлғайтуға дайын. Қасым-Жомарт Тоқаев еуропалық компанияларды осындай жаңа жобаларды қаржыландыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.

Мемлекет басшысы энергетика саласын ынтымақтастықтың аса маңызды бағыты ретінде атады.

– Қазақстан – Еуропаға көмірсутегін жеткізетін сенімді серіктестердің бірі. Еуропа Одағы шетелден импорттайтын мұнайдың 13 пайызға жуығы біздің елімізге тиесілі. Оның басым бөлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданады. Еуропа Одағы аталған консорциумның тұрақты әрі ұзақмерзім­ді жұмыс істеуіне қолдау білдіріп отыр. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Дегенмен шикізат тасымалдаудың балама жолдарын да дамытамыз. Қазақстан жаңарты­латын қуат көздері мен экологиялық таза отын жобаларын жүзеге асыруға кірісті. Total, Eni, Svevind секілді бұрыннан келе жатқан серіктестерімізбен және басқа да еуропалық компаниялармен бірге жел, күн электр стансаларының қуатын арттырып, «жасыл» сутегі өндірісі жобасын қолға алдық. Бұған қоса Қазақстан Өзбекстан және Әзербайжан елдерімен бірлесіп, «жасыл» энергияны Каспий теңізі арқылы Еуропа нарығына жеткізетін біртұтас электр желісін салу бойынша ірі жобаны бастады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сирек кездесетін минералдарды игеру саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық маңызы зор.

Бүгінде Қазақстанда Еуропа Одағы экономикасына қажетті 34 шикізаттың 19 түрі өндіріледі. Оның қатарында уран, титан, мыс, литий, кобальт, вольфрам және басқа да көптеген элемент бар. Сонымен қатар еліміз Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы келісім бойынша геологиялық барлау саласында бірлескен жобаларды іске асырып, кен игерудің озық тәжірибесін енгізіп жатыр. Бұл ретте Президент Астанада Сирек кездесетін металдарды зерттейтін аймақтық орталық құруды ұсынды. Аталған ғылыми мекеме кәсіпорындар мен инвесторларды игеруге болатын кеніштер, технологиялардың дамуы туралы өзекті ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Мемлекет басшысы Орталық Азияның Шығыс пен Батыс арасында тиімді жеткізу тізбегі қалыптасқан транзит торабына айналуға мүмкіндігі бар деп санайды. Былтыр Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен контейнер арқылы тасымалданған жүк көлемі 62 пайызға артып, 4,5 млн тоннаны құраған. 2027 жылға қарай жүк көлемін 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропа Одағының Орталық Азия өңіріндегі орнықты көлік байланысының дамуына оң септігін тигізіп отырған «Global Gateway» стратегиясына қолдау білдірді.

Қазақстан декарбонизация бастамаларын белсенді жүзеге асырып келеді. Президент еліміздің әлемдегі ядролық отынның 40 пайызға жуығын қамтамасыз ету арқылы таза энергия өндірісінде маңызды рөл атқаратынын айтты. Өткен жылы Қазақстанда Климаттың өзгеруі және жасыл энергетика бойынша жобалық кеңсе ашылды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы цифрлық технология мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне айрықша тоқталды.

– Қазақстан аталған салаларға инвестицияны арттырды. Жыл басында Президент жанындағы Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңестің негізі қаланды. Қазір елімізде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлауды көздейтін ауқымды бағдарлама басталды. Астанада «Alem.ai» жоғары технологиялар орталығын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол инновацияны енгізумен, стартаптарды қолдаумен және осы салада зерттеулер жүргізумен айналысады. Бұған қоса біз жасанды интеллект саласының дамуын жеделдету үшін Венчурлық қорды іске қостық. Еуропа Одағы «Team Europe» бас­тамасы арқылы Орталық Азия елдері­не цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты өркендетуге көмек көрсетіп келеді. Қазақстан бұл бағытта тәжірибе алмасуға дайын. Осы орайда «Astana Hub» базасында «Орталық Азия – Еуропа Одағы» инновациялық кампусын ашуды ұсынамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Содан кейін Мемлекет басшысы Еуропа Одағы еліміздің ғылым және білім саласындағы маңызды серіктесі екенін атап өтті.

– Мемлекеттеріміз Erasmus+, Horizon Europe бағдарламалары және тағы да басқа бастамалар аясында ынтымақ­таса жұмыс істеп келеді. Қазақстанда отыз­дан аса шетелдік университеттің бөлімше­лері ашылды. Бұл елімізде академиялық білімнің өркен жаюына ықпал етеді. Біз гранттар мен стипен­диялар санын көбейтуге мүдделіміз. Мұн­дай бірлескен бағдарламалар бірқатар Еуропа елімен жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект, су ресурстарын басқару, биотехнология секілді маңызды салаларда маман даярлауға басымдық беретін «Орталық Азияға арналған Erasmus+» бағдарламасын әзірлеуді ұсынамыз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы орнықты даму­дың басты кепілі саналатын халықара­лық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңы­зы­на тоқталды. Оның айтуын­ша, Қазақстан теңгерімді сыртқы саясатты бе­рік ұстанады және барлық мүдделі мем­­ле­кет­пен, негізгі халықаралық құ­ры­лым­мен, соның ішінде Еуропа Ода­ғы­мен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті.

Президент жаһандық тұрақсыз­дық шиеленісе түскен кезеңде әлемдегі күрделі оқиғаларға баға беруде барын­ша байыптылық танытып, жауапкер­шілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ ол барлық елді БҰҰ Жарғысы мен жалпыға ортақ халықаралық құқық қағидаларын мүлтіксіз сақтау үшін барынша күш-жігер жұмылдыруға, сондай-ақ Бас хатшы Антониу Гутерриштің қызметіне қолдау білдіруге үндеді. Ұйымның құрылғанына 80 жыл толған сәтте мұның өзектілігі арта түседі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Украинаға қатысты келіссөз үдерісіне қолдау білдірді.

– Қазақстан кез келген қақтығыс­тың бейбіт жолмен шешілуін жақтай­ды. Сондықтан Украинаға қатысты келіссөздердің басталуын құптаймыз. Мәселенің күрделі екенін түсінеміз. Дегенмен шиеленіс оң шешімін табады деп үміттенеміз, – деді Президент.

Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассам­б­леясы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсат­тары жөніндегі аймақтық орта­лық­ты құру туралы қарарды бірауыз­дан қабылдағанын айтып, жиын қатысу­шыларына Қазақстанның бастамасын қолдағанына ризашылық білдірді. Оның пікірінше, Орталық Ұйымның 2030 жылға дейінгі күн тәртібін ілгерілетуге, өңірдегі өзекті әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге елеулі үлес қосады.

Саммитте сондай-ақ Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Еуропалық Кеңес Президенті Антониу Кошта, Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйен, Қырғызстан Прези­денті Садыр Жапаров, Тәжікстан Прези­денті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассо сөз сөйледі.

Байыпты диалог берекелі тірлікке бастайды

Жоғары деңгейде өткен бұл саммит Орталық Азия елдерінің Еуропа Одағымен ынтымақтастығын одан әрі тереңдете түсіп, сан қырлы ықпал­дастыққа негіз болатыны анық. Жалпы, бүгінде Орталық Азия елдері мен Еуропа Одағы арасындағы ынтымақтастық 2019 жылдың 17 маусымында қабылданған ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясы мен 2023 жылдың 23 қазанында бекітілген ОА мен ЕО арасындағы өз­ара іс-қимылды жандандыру жөніндегі бірлескен жол картасы аясында жүзеге асырылып келеді.

ЕО-ның стратегиясы үш өзара байланысты бағытты қамтиды. Мұның бірін­шісі – тұрақтылық жолындағы серіктес­тік. Бұл әлеуметтік-экономикалық даму, қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатер­лер­ге қарсы тұру, құқық үстемдігі, демо­кратия және адам құқықтарын қор­ғау, климаттық мақсаттарға қол жеткізу сияқты мақсаттарды көздейді. Одан кейін өркендеу жолындағы әріптестік эко­номиканы жаңғырту және орнық­ты өзара байланысты дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, инвес­тициялық қолайлы орта қалыптас­тыруға негізделеді. Үшіншісі – әріптестік негізін нығайту, саяси диалогті жандандыру, азаматтық қоғамды тарту бағы­тындағы өңірлік ынтымақтастық.

Ал ортақ жол картасы бес негізгі бағыт бойынша 79 бірлескен іс-шараны қамтиды. Атап айтқанда, өңіраралық сая­си диалог пен ынтымақтастықты терең­дету; экономикалық байланыстарды, сауда мен инвестицияларды нығайту; «Жаһандық портал» аясындағы энергетика, климаттық бейтарап экономика, өзара іс-қимыл және Еуропалық «Жасыл пакті» аясындағы ынтымақтастық; жалпы қауіпсіздік мәселелерін шешу; адамдар арасындағы байланысты ны­ғай­ту және ұтқырлық. Бұл ынтымақтас­­тық аймақтық тұрақтылық пен даму­дың маңызды факторы бола отырып, Орталық Азия елдері мен Еуропа Одағы арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге негіз қалайды.

Осы орайда бірқатар сарапшының пікіріне құлақ түрдік. Олар Самарқанд қала­сында өткен «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті тараптарды қандай нә­ти­жеге жетелейтіні жөнінде ой білдірді.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов қазір Орталық Азия геосаяси тәуелділік­тен арылып, өзінің стратегиялық күн тәртібін белгілеуге қабілетті дербес күш орталығын қалыптастырғанын атап өтті.

– Егер бұрын аймақ жаһандық ойыншылар арасындағы бәсекелестік кеңістігі ретінде қабылданса, бүгінде саяси консолидацияның өсуі мен елдер арасындағы сенімнің нығаюының арқасында жаңа мүмкіндіктер алаңына айналды. Орталық Азияны тек жетекші державалар үшін күрес алаңы ретінде көрсету – аймақтың тәуелсіздігін елемеу деген сөз. Бүгінгі таңда Қазақстан, Өзбекстан және аймақтағы басқа мемлекеттер енді сыртқы күштердің енжар ықпал ету объектілері болудан бас тартып, ЕО, Қытай, Ресей және АҚШ мүдделерін теңестіре отырып, өздерінің көпвекторлы саясатын нығайта түсті. 2025 жылдың басты тенденциясы – аймақтық субъективтілікті күшейту және егемендік мүдделерді жүзеге асыруда сыртқы мүмкіндіктерді пайдалану. Мұны халықаралық қатынастардағы поли-дағдарысқа қарамастан, қарқынды экономикалық және инфрақұрылымдық дамудың жаңа кезеңі басталғанын көрсететін Самарқандтағы «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті растап отыр, – деді Б.Садықов.

Сарапшының пікірінше, Еуропа Одағы Орталық Азиямен әріптестікті нығай­ту­ға ұзақмерзімді ұстанымын көр­сетті және Қазақстан бұл үдерісте шешу­ші рөл атқарады. Астана – қазірдің өзінде ЕО-ның аймақтағы ең ірі эконо­ми­ка­лық және логистикалық серіктесі. Әрі қарайғы ынтымақтастық өзара тиімді экономикалық қатынастардың жаңа стратегиялық архитектурасын қалыптастыра отырып, дәстүрлі сауда шеңберінен шығып отыр. Мәселен, маңызды шикізат саласында ЕҚДБ-мен 3 млн еуроға жасалған келісімшарт және Еуропалық инвестициялық банк пен Қазақстанның Даму банкі арасын­дағы 200 млн еуролық несиелік келісімі – осының дәлелі. Бұл бастамалар – ЕО-ның «Global Gateway» жаһандық стратегиясының бөлігі. Мұның аясында еліміз Транскаспий халықаралық көлік бағытын (TХКБ) дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Қазақстан жобаны ЕО қалағандықтан емес, дәліздің жаңа мүмкіндіктер ашатындығынан белсен­ді түрде қолдап отыр. TХКБ аймақтық логистиканың негізгі күшіне айналды. Статистикаға сәйкес, 2024 жылы жүк тасымалдау көлемі 62 пайызға өсіп, 4,5 млн тоннаны құраса, 2027 жылға қарай оның өткізу қабілеті 10 млн тоннаға жетуі мүмкін. Бұл Орталық Азияның өзгермелі жаһандық жеткізу тізбегіне интеграциялануының жаңа кезеңіне бастап, Қазақстанды Батыс-Шығыс және Солтүстік-Оңтүстік бағыттарында Еуропа мен Азияны байланыстыратын негізгі көліктік-логистикалық хабқа айналдырады.

– Еуропа Одағы елімізбен жасыл экономика және цифрландыру саласын­­дағы ынтымақтастықты нығайтуға да мүд­­­делі. ЕО қолдайтын «Ready4Trade Central Asia» және «Орталық Азия Инвест» жобалары сауданы кеңейтуге және жаңа инвестиция тартуға негіз болды. Олар энергетикалық ынтымақтастық­ты, жаңартылатын энергия көздерін дамытуды және инфрақұрылымның цифрлық трансформациясын қоса алғанда, өзара іс-қимыл платформасы бола алады. Аймақтағы инвестиция­ның ең көп мөлшері біздің елге тиесілі. Орталық Азияға тартылған барлық инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанның үлесіне тиіп, аймақтағы көшбасшы болып отыр. Сондықтан еліміз өз позициясын нығайтып қана қоймай, халықаралық серіктестер­ге жаңа мүмкіндіктер туғыза отырып, Орталық Азиядағы экономикалық ин­те­грацияның драйвері ретінде әрекет етеді. Сондай-ақ бұл еліміздің Орталық Азиядағы инвестициялық хаб ретіндегі стратегиялық рөлін көрсетеді. Қазір Астанада инвесторлардың құқықтарын қорғауға және бизнес-климатты жақ­сартуға бағытталған реформалар жүзеге асырылып келеді. Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) секілді институттар елді халықаралық компаниялар үшін тартымды етеді, – деді сарапшы.

Сонымен қатар ол жаңартылатын энергияға көшу тек шикізатты ғана емес, сондай-ақ экологиялық әсерді барынша азайтып, ресурстардың тиімділігін арттыруға технологияны, инвестицияны және менеджментті қажет ететінін атап өтті. Оның айтуынша, осы тұрғыда Алматыдағы ТЖМ Өңірлік орталығы ЕО мен Орталық Азия елдері арасындағы әріптестікте ерекше маңызға ие болуы мүмкін. Ол негізі экономикалық даму, экологиялық қауіпсіздік және әлеуметтік тұрақтылық арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ететін тұрақты дамудың катализаторы бола алады.

– Жаһандық тұрақсыздық жағдайында Орталық Азия транзиттік аймаққа ғана емес, негізгі халықаралық серіктестермен теңгерімді қарым-қатынас орнатуға қабілетті тәуелсіз ойыншыға да айналып отыр. Еліміз – аймақтағы ең ірі мемлекет ретінде осы жаңа стратегияның жүргізушісі. Астана аймақтың басқа астаналары секілді прагматизмді ұста­нады және ортақ стратегиялық серік­тестермен өзара іс-қимылдың маңызды алаңына айналған «СА+» форматын дамытуға ашық. Бұл тәсіл аймақ елдеріне ұлттық экономикаларын нығайта келе әлемдік деңгейде бастамалар ұсынуына, халықаралық үдерістерде белсенді рөл атқаруына мүмкіндік береді. Осы тұрғыда Самарқандта өткен «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті өзара мүдделер мен тұрақты дамуға ұм­тылуға негізделген өзара іс-қимылдың жаңа кезеңін білдіреді, – деді Б.Садықов.

Ал Сыртқы саяси зерттеулер институтының сарапшысы Нұржан Өмірбек тарихи «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммиті өңір мемлекеттері мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуды көздейтін дипломатиялық іс-шара ретінде маңызды екенін, саммит экономика, энергетика және көлік байланыстары секілді көптеген бағыт­ты қамтып, ОА елдеріне Еуропалық Одақ­пен серіктестікті тереңдетуге мүмкіндік беретінін мәлімдеді.

– Д.Трамптың еуропалық тауарлар­ға қосымша баж салықтарын енгізуі­­нен кейінгі АҚШ-ЕО қарым-қатынасы­­­ның нашарлауы аясында Брюссель жаңа на­рық­тарды игеру мақсатымен ба­с­қа ай­мақ­­тар мен мемлекеттерге назар ауда­ра бастады. Осы тұрғыда Орталық Азия мем­­лекеттерімен өзара тиімді іскерлік байланыстарды күшейту Еуропа Одағы үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. ЕО өңірдегі интеграциялық үдерістерді жоғары бағалап, жіті бақылап отыр. Аймақ елдері арасындағы ықпалдастық күшеюде және су немесе жер дауы сияқты мәселелер біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Мысалы, биыл нау­рызда Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары мемлекеттік шекараларының түйісу нүктесі туралы үшжақты келісімді бекітіп, көптеген жылға созылған келіспеушілікті шешкен еді. Оған қоса Орталық Азия мемлекет­тері басшыларының Консультативтік кездесулерінің тұрақты түрде өтуі – өңірде баянды бастамаларды іске асыру­ға болатынының белгісі. Осыған орай бұрынғы жылдары аймақ елдерімен қатынастарды тек екіжақты түрде нығайтуға назар бөлген Брюссель бүгінде ОА-ны біртұтас саяси-экономикалық өңір ретінде қарастырып отыр. Брюссельдің Орталық Азия өңіріне қызығушылығы оның Еуропа мен Азияны байланыс­тырушы буын ретіндегі геостратегия­лық маңыздылығына, энергетикалық ресурстар мен айтарлықтай нарықтық әлеуетіне негізделген, – деді Н.Өмірбек.

Сарапшының пайымынша, ЕО Орта­лық Азияны еуропалық тауарлар­­ды өткізу үшін сыйымдылығы жоғары нарық ретінде қарастырып, экономика­лық байланыстарды нығайтуға ынталы. Еуроодақ – ОА-ның маңыздылығы жағынан Қытайдан кейінгі басты сауда серіктесі. Өңірдің ЕО-мен жалпы сауда айналымының көлемі кейінгі 7 жылда 4 есе өсіп, 58,3 млрд долларды құрады, оның 80%-ы Қазақстанға тиесілі. Кейінгі 10 жылда ЕО-ға мүше елдер Орталық Азия мемлекеттеріне 121 млрд доллардан аса қаржы құйды. Бұл аймақтағы тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемінің 40%-нан асады.

– Брюссель өз энергетикалық жүйе­сі­нің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, өнеркәсібінің одан әрі өркендеуіне жол ашу мақсатында өңір мемлекеттері­мен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдде­лі. Әсіресе стратегиялық маңызы зор шикізат қорлары мен уран, газ сияқты негізгі энергия тасымалдаушылары саласындағы әріптестік айрықша маңызға ие. Ал Орталық Азия елдері үшін жасыл экономикаға көшу және климаттық мақсаттарға қол жеткізу бағытында ЕО инвестициялары мен озық технологиялары үлкен қызығушылық тудырып отыр. Бұл – жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын жаңа энергетикалық нысандарды құруға тың серпін беретін өзара тиімді әріптестік. Еуропа мен Орталық Азия арасындағы аймақаралық байланыстар екпінін күшейту және ОА-ның пайдалы қазбаларын ЕО-ға жеткізілуін жеңілдету үшін көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жақсарту мәселесіне ерекше назар аударылады. Жақында Еуроодақ Қытай-Еуропа арасындағы жүк тасымалы үшін балама бағыт ретінде қарастырылатын Транс­каспий халық­аралық көлік бағдарын қол­дай­тынын және оны әрі қарай дамытуға 10 млрд еуро көлемін­де инвес­тициялар бөлуге дайын екенін аңғартқан еді. Бұл қаржылық құйылымдар, ең алдымен, бағдардың негізгі бөлігі Қазақстан аумағы арқылы өтетіндіктен, еліміздің өңірлік транзиттік хаб ретінде орнығуына айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз, – деді сарапшы.

Самарқандта «Орталық Азия – Еуропа Одағы» саммитінің өтуі тараптар ара­сындағы ынтымақтастықтың инс­ти­ту­цио­налдық деңгейге көтерілгенін көр­сетті. ОА елдері үшін бұл – геосаяси тепе-теңдікті сақтау, жаңа нарықтарға шығу және орнықты даму жолында еуропалық әріптестермен диалогті тереңдетудің сәті. Ал ЕО үшін – сенімді, тұрақты және энергетикалық маңызы зор аймақпен байланысты нығайтудың құралы.

Өзге де жаңалықтар

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button