Облыстың қаржы және экономикалық салаларында анықталған құқықбұзушылықтар туралы
Биылғы жылдың сегіз айында ғана Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларының қорытындысы бойынша қаржы-экономикалық салада 19 құқық бұзушылықты анықтады, оның 14-і (немесе 74 пайызы) ауыр қылмыстар.
Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті орынбасарының міндетін атқарушы Нұржан Шаханов айтты, — деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Спикердің айтуынша, 2024 жылы Бестөбе ауылында алтынды заңсыз өндірумен және сатып алумен, сондай-ақ зергерлік бұйымдарды жасырын өндірумен және сатумен айналысатын барлық тізбекті және оларды анықтау жұмыстары жалғасты.
Қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактілері бойынша бағалы металдардың заңсыз айналымы, заңсыз кәсіпкерлік қызмет және 2 ЖЖҚ істері тіркелді.
Бестөбе ауылының тұрғындарынан алтынды заңсыз сатып алып, одан зергерлік бұйымдар жасап, сауда үйлерінің бутиктерінде жалған таңбамен саудалаған екі топқа қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды.
Спикер облысымызда құқықбұзушылықтың бұл түрін анықтау республика көлемінде бағалы металдардың заңсыз айналымына қарсы күрес жобасының қолға алынуына ықпал еткенін атап өтті.
Нұржан Шаханов өңірде цифрлық активтерді өндіру бойынша заңсыз майнинг өндірумен айналысатын тұлғалардың анықталғандығы, «Charoit» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесі қызметінің жолы кесілгендігі және «S-Group» қаржылық пирамидасының жарнамасы бойынша қылмыстық іс қозғалғандығы туралы да айтты.
«Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды үнемі талдап, қадағалап отырады. Өңірдегі көлеңкелі экономика деңгейіне әсер ететін себептерді анықтауға, сондай-ақ заңсыз қызметпен айналысатын тұлғаларды анықтауға бағытталған іс-шаралар жүргізілуде», — деп сөзін түйіндеді спикер.