Оңтүстікте Кеңес Одағынан бері энергия тапшылығын сезініп келеміз – депутат
Қазірдің өзінде Қазақстанда 112 млрд кВт-сағат электр энергиясы өндіріліп жатыр. Ал 2035 жылы 152 млрд қажет деп отыр. Қазір мемлекетімізде баланс бар. Бірақ болашақта электр энергиясы тапшылығы болады деген болжам да бар. Бұл күнделікті өмірден көрініп те тұр, — деді депутат.
Мұқаш Ескендіров Қазақстанның негізгі төрт аймағынан электр энергиясы тапшылығы өзі туған оңтүстік өңірде сезіліп жатқанын баса айтты.
Оңтүстік өңір дегеніміз бұл – Қызылорда облысы, Түркістан облысы, Шымкент, Жамбыл облысы, Алматы облысы, Жетісу облысы. Осының барлығы мынау энергетиктердің географиясында оңтүстік аймақ деп есептеледі. Қазір бір сағатта оңтүстікте тұтынып жатқан электр энергияның көлемі 4,5 миллион кВт-сағат. Ал өндіретін электр энергия көлемі – 2 миллион 100 мың кВт-сағат қана. Яғни оңтүстікте қажет электр энергияның тек 40 пайызын өндіріп жатырмыз, — деді Мәжіліс депутаты.
Ол оңтүстік өңір жетпеген энергияны солтүстіктен алып жатқанын жеткізді.
Жетпеген электр энергияны қазір солтүстіктен алып жатыр. Бірақ оның да өткізетін көлемі шектеулі. Сондықтан қазіргі кезде әсіресе оңтүстікте тұрақты энергия көзі салынуы керек. Бүгін емес, Кеңес Одағынан бері осы оңтүстікте біз энергия тапшылығын сезініп келеміз. Сондықтан, АЭС салу еліміздің болашағына, экономикамыздың тәуелсіздігіне керек деп ойлаймын, — деді ол.
“Алматы айналасында миллиондаған тонна күл жатыр”
Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров көмір электр станцияларының қоршаған ортаға зиянына да тоқталды.
Қазір электр энергиясының 70 пайызын көмір станциялары шығарып жатыр. Қалған электр энергиясын газ, одан кейін су және жел, күнмен істейтін станциялар өндіреді. Көмір станцияларына қазірден бастап шектеулер қойылып жатыр. Себебі олардың электр энергия шығарған кездегі технологиясының барлығы лас. Атмосфераға, жерге көптеген зиянды қалдықтар шығарып жатыр, — деді ол.