Мәжіліс сайлауы: Дауыс беру бюллетенінің көлемі өзгереді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс сайлауында дауыс беру бюллетенінің көлемі өзгертіледі. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз бюллетеньдердің көлемін өзгертеміз. Ол үшін тәжірибе жасап көрдік. Егер әдеттегі А4 емес А 5 қағазын қолданатын болсақ, онда бюллетень жақсы оқылады. Бюллетеньде партиялар тізіміне арналған 7 жолақ болады. Ал 8-і позиция барлық кандидатқа қарсы дауыс беру жолағы. Егер бір мандатты округтерге келсек, 16 кандидаттың аты-жөні еркін сияды және көзге көрінеді. Көру қабілеті нашар адамдар үшін сайлау учаскелерінде арнайы орындар жабдықталады. Егер депутаттыққа кандидаттардың саны 16-дан астам болса, онда бюллетеньнің мөлшері ұлғая түседі», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Бұған дейін Мәжіліс сайлауына 12 млн-нан астам дауыс берушінің тіркелгені туралы хабарлаған едік.
26 ақпандағы жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясына 12 032 550 дауыс беруші тіркелген.
https://www.inform.kz/kz/mazhilis-saylauy-dauys-beru-byulleteninin-kolemi-ozgeredi_a4040427