Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау бір күнде – 19 наурызда өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 19 наурызында Мәжіліспен қатар мәслихат депутаттарын да кезектен тыс сайлау ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясы қаулы жобасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сайлау туралы конституциялық заңның нормаларына сәйкес, өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын Орталық сайлау комиссиясы тағайындайды және бұл сайлау мәслихаттар өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі айдан кешіктірілмей өткізілуге тиіс. Осылайша, ҚР Президентінің жарлықтарына сәйкес, бүгінгі күннен бастап Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың депутаттарын сайлау науқаны басталды», — деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров ҚР ОСК бүгінгі отырысында.
ҚР «Сайлау туралы» конституциялық заңының 101-бабының 3-тармағына сәйкес, өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын ОСК төрағасы тиісті жарлығы негізінде тағайындайды.
«Осыған байланысты мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауды науқан өткізудің жекелеген ұсыну, тіркеу, үгіт жүргізу кезеңдерін біріздендіру мақсатында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауымен бірге өткізу, яғни 19 наурызға тағайындау ұсынылады», — деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина.
Н. Әбдіровтың айтуынша, мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді тиісті аумақтық сайлау комиссиялары қамтамасыз етеді.
Айта кетсек, кеше Мемлекет басшысы жетінші сайланған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Мәжіліс депутаттарын кезектен тыс сайлау 19 наурызға белгіленді.
Одан бөлек, Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы мәлімдеме жасады.