«Мұқалмас» Н.Әлтаев туралы мәлімдеме жасады
Президент сайлауына түсем деп, түсе алмай қалған Әлтаев пен оны президенттікке кандидат ретінде ұсынды делінетін «Мұқалмас» қоғамдық бірлестігі арасында дау басталып жатыр.
«Мұқалмас» республикалық қоғамдық бірлестігі президент сайлауына кандидат ұсынбады. Атышулы Нұржан Әлтаевты үміткер ретінде таныған хаттама – жарамсыз.
Қоғамдық бірлестіктің өкілдері осындай мәлімдеме жасап отыр. Айтуларынша, ұйымның жиынына қатысқан 15 аймақтық филиал жетекшісінің 13-і экс-депутат Нұржан Әлтаевтың кандидатурасына қарсы дауыс берген. Жалпы бірлестік атынан сайлауға үміткер ұсынбау деген бастаманы көбі қолдаған көрінеді.
Өйткені, «Мұқалмас» сайлау барысын тәуелсіз байқаушы болғандықтан бейтарап қалуды жөн деп тапқан. Алайда, «кандидат ретінде Әлтаев ұсынылды» деген ақпаратты естіп, қоғамдық бірлестіктің Қарағанды облыстық филиалының жетекшісі Майра Төлеубекқызы бірден сотқа шағымданған.