Энергия – стратегиялық ресурс
– «АЭС не үшін керек?» деген сұраққа мамандардың көбі елімізде электр энергиясы жетіспейді, атом энергиясы экономикалық жағынан тиімді, экологияға зияны жоқ деп жауап береді. Сіздіңше, АЭС Қазақстанды энергия тапшылығынан қалай құтқарады? Бір ғана АЭС салып, қуат жетіспеушілігін еңсере аламыз ба?
– Қазіргі уақытта энергия ең маңызды жаһандық стратегиялық ресурс болып табылады. Елімізде бүгінде энергияның тапшылығы көп емес, жылына шамамен 2000 мегаватт. Біртіндеп энергия тапшылығы арта береді. Жыл сайынғы электр энергиясын тұтыну өсімі 3%-ды құрайды.
Әрине, АЭС энергия тапшылығын толықтай қамтамасыз ете алмайды. Жаңа генерация құрылымында 2023-2035 жылдарда атом энергиясының үлесі 9% болады. Осы орайда 2035 жылға қарай жаңа энергетикалық блоктардың біршама мөлшері, оның ішінде газбен жұмыс істейтін стансаларды, бұл – 27%, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) – 36% іске қосу жоспарлануда. Салыстыру үшін айтсақ, 2023 жылы өндірістің жалпы көлемінен жаңартылатын энергия көзінің үлесі шамамен 12%-ды құрады.
Алайда Қазақстанның алдында тағы бір тапсырма тұр. Ол – атмосфераға көмірқышқыл газының шығарылуын азайту. Мысалы, органикалық отынды жаққан кезде шаруашылық қызметтен шығатын шығарындылардың жалпы көлемінен 81,6% көмірқышқыл газы түзіледі. 2060 жылға қарай Қазақстан жаңа мақсат қойды – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Парниктік газдардың шығарындылары жоқ генерация көздері – бұл атом электр стансалары, ГЭС және ЖЭК.
Оның үстіне, көмір стансаларына қарағанда АЭС-ті пайдаланған кезде күкірт, азот тотығы, күл, көмірқышқыл газы және қалдықтар түзілмейді.
Бізде ШҚО-да ірі өзеннің болуы есебінен ГЭС-тің энергиясын пайдалану мүмкіндігі бар. Ертісте ГЭС каскады бар, Семей қаласының аумағында тағы бір ГЭС салу жоспарда бар. Тағы да шағын ГЭС-терді салу жобасы бар, бірақ олар энергияның жалпы өндірісіне айтарлықтай үлес қоспайды. ГЭС есебінен энергия шығару мүмкіндігі Қазақстанның көптеген аумақтарында жоқ.
Жаңартылатын энергия түрлері де негізгі болып табылмайды, яғни олар жыл бойы тәулігіне 24 сағат жұмыс істемейді. Олардың жұмыс істеуі үшін көптеген ресурс – үлкен аумақтар мен ауа райының арнайы жағдайлары қажет. Оған қоса, олардың белгіленген қуатын пайдалану коэффициенті төмен: желмен жұмыс істейтінде – 24%, күнмен – 18%. АЭС коэффициенті бұларға қарағанда 90%-ды құрайды.
– Егер АЭС салынатын болса, ғылыми практикада қай елдің технологиясы озық және біз қай елдің тәжірибесіне жүгінгеніміз дұрыс деп ойлайсыз?
– Қазіргі уақытта әлеуетті өнім берушілер ретінде «CNNC» (ҚХР, HPR-1000 реакторы), «Росатом» МК (РФ, ВВЭР-1200 реакторлары), «KHNP» (Оңтүстік Корея, APR-1000 және APR-1400 реакторлары) және «EDF» (Франция, EPR1200 реакторы) компаниялары қарастырылып отыр. Барлық технологиялар бірдей заманауи және таңдау туралы шешім Үкімет деңгейінде қабылданады.
– АЭС аймақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қалай әсер етеді? Олардың денсаулығына қаупі жоқ па, экологияға зияны тимей ме?
– Атом электр стансалар тарихында 60 жылда үш ірі апат болды. 1979 жылы американдық Три-Майл-Айлендтің бұзылуына байланысты белсенді аумақты балқытып жібере жаздады. 1986 жылы Чернобыль АЭС жарылды. 2011 жылы Жапонияда жер сілкінісі мен цунамиден кейін Фукусима АЭС-інде апат болды. Алты реактордың үшеуінде отын балқыды. Мұның бәрі – екінші буынды стансалар. Бүгінде Қазақстанда 3+ буынды реактор салу жоспарланып отыр. Үлкен апаттың ықтималдылығы жылына 10-7 оқиғаны құрайды.
– АЭС радиоактивті қалдықтарсыз болмайтыны шындық, оны қайта өңдеу және сақтау әлемдік деңгейде әлі де шешімін таба қойған жоқ. Қазақстан радиоактивті қалдықты қайда, қалай сақтамақ? Мүлде зарарсыздандыру мүмкін бе?
– Бұл сұрақ «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС (ҚАЭС) құзыретінде, оның құрамына АЭС құрылысы және атом энергетикасы мәселелері жөніндегі сарапшылар кіреді.
– Станса Алматы облысында Балқаш көліне жақын орналасқан Үлкен ауылының маңында салынатыны нақты шешілді ме? Балқаш көлінің су деңгейі АЭС-ке қажетті сұранысты өтей ала ма? Су сапасына әсері бола ма?
– Су қажеттіліктеріне келетін болсақ, салқындатқыш мұнаралардағы (салқындату қондырғыларындағы) судың азаюы климаттық жағдайларға, яғни ондағы айналым су көлемінің булану мөлшеріне байланысты. Қуаты 2 400 мегаватт болатын екі блокты АЭС үшін судың жобалық шығыны жылына 63 млн текше метрді құрайды, бұл Балқаш көлінің табиғи булануының 0,32%-на тең, ол жылына 18 млрд текше метрден асады. Яғни, Балқаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд текше метрді құрайтынын ескерсек, АЭС көлдің су балансына еш әсер етпейді деп айтуға болады.
– Атомды бейбіт мақсатта энергия көзі ретінде пайдалану еліміздегі ғылымның, технологияның және өндірістің дамуына ықпалы қандай болады деп ойлайсыз?
– Жалпы, республикада ядролық технологиялар саласында жоғары деңгейде дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар. Мысалы, АЭС қауіпсіздігі бойынша Ұлттық ядролық орталықтың (ҰЯО) зерттеу нәтижелері Жапония, Франция және Ресейдегі атом энергетикалық стансаларын жобалау және пайдалану кезінде қолданылып келеді. Сондай-ақ атом энергетикасынан басқа, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың көптеген бағыттары бойынша, тек іргелі зерттеулер саласында ғана емес, сонымен қатар бірқатар қолданбалы салаларда жұмыс істейтін Алматы ядролық физика институтының зерттеулері де белгілі. Мысалы, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік – АЭХА (МАГАТЭ) тапсырысы бойынша Институт Қырғызстанға медициналық радиоизотоптарды жеткізуді бастады. Сондай-ақ Институт, ҰЯО сияқты, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында кадрлар даярлау бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Атом энергиясы Қазақстан үшін жаңа нәрсе емес. Өткен ғасырда Ақтауда (ол кезде Шевченко) БН-350 жылдам нейтронды әлемдегі алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік энергетикалық реактор сәтті пайдаланылды. Қазіргі уақытта республикада үш зерттеу атом реакторы жұмыс істейді, оның екеуі – Ұлттық ядролық орталық базасында және біреуі – ядролық физика институтының базасында.
Мұның барлығы отандық атом энергетикасын дамытуды бастау қажеттілігі туралы сенімді түрде айтуға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанда атом энергетикасын дамыту келесі мүмкіндіктерді береді: көміртексіз энергия генерациясына көшу жағдайында елдің индустриялық экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, өнеркәсіптің жалпы технологиялық деңгейін арттыру, елді тиімді индустрияландыру, шикізаттық бағыттан кету, білім экономикасын дамыту үшін негіздер құру, атом өнеркәсібі мен энергетиканы, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың басқа да бағыттарын (ядролық медицина, өнеркәсіптегі ядролық технологиялар, ғылым) одан әрі дамыту үшін ынталандырулар жасау мүмкіндігі туады.
– Ал АЭС энергетикалық тәуелсіздік пен қауіпсіздікке қаншалықты кепіл бола алады? Сонымен қатар АЭХА АЭС-тің қауіпсіздігіне қаншалықты жауап бере алады?
– АЭХА командасы АЭС орналастыру ауданын таңдау бойынша жүргізілген зерттеулердің тиісті бөлімдерін зерттеді, АЭС орналастырудың әлеуетті ауданына (Алматы облысы, Үлкен ауылы), оның ішінде маңайындағы метеорологиялық және сейсмикалық мониторинг стансасына барып қайтты және Қазақстанның техникалық органдары мен ұйымдарының тартылған өкілдерімен бірқатар талқылаулар өткізді. АЭХА сарапшылары Қазақстанның ынтымақтастыққа дайындығын және жобаны басқарудағы жоғары кәсібилігін мойындады.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ